Úı ANONS «Ордабасы» ФК дамудың жаңа стратегиясы

«Ордабасы» ФК дамудың жаңа стратегиясы

«Ордабасы» футбол клубының басшылығы алғашқы ресми баспасөз мәслихатын өткізді. Жиын барысында жаңа президент Дархан Қызайбаев пен бас бапкер Андрей Мартин журналистер сұрағына жауап беріп, команданың алдағы жоспарларымен бөлісті. Клуб жеке басқаруға өткеннен кейін жанкүйерлердің де үміті арта түскен. Маусымның алғашқы кездесуі ертең, 7 наурызда басталады.

«Ордабасының» жаңа басшылығы нақты іске көшті. Клубтың мақсаты — ойын сапасы мен қаржылық деңгейі бойынша ел чемпионатының үздік бестігінен нық орын алу. Президент Дархан Қызайбаевтың талабы жоғары: инвестициялар академияға, база мен инфрақұрылымға бағытталады. Жаңа стадионның ашылуы да басты назарда. Қазіргі таңда бапкерлер штабымен бірлесе отырып, клуб жұмысын әлемдік деңгейге көтеру жоспарлануда.

ДАРХАН ҚЫЗАЙБАЕВ, ПРЕЗИДЕНТ ФК «ОРДАБАСЫ»: «Тарихи сәт деп айтуға әлі ерте. Бірақ Алла қаласа қолдан келгеннің бәрін салып, осы Шымкент қаласының «Ордабасы» клубының жанкүйерлерін, футболға қызығатын әр халықың көңілінен шығып, соларды қуантуға барымызды саламыз».

Иесі өзгерсе де, бапкер орнында қалды. Андрей Мартин «Ордабасының» бас бапкері ретіндегі қызметін әрі қарай жалғастыра бермек. 2024 жылдың соңында келген молдовалық маман құрамды түбегейлі өзгертпеуді жөн санаған. Дайындық кезеңінен кейін командаға тек үш жаңа легионер келді. Бапкер үшін қазіргі ең маңызды фактор — клуб басшылығының ауысуы.

АНДРЕЙ МАРТИН, «ОРДАБАСЫ» ФК бас бапкері: «Ең негізгі жаңалық — клуб тізгінін ұстаған жаңа басшылық пен олардың биік мақсаттары. Бұл серпін команданың ішкі ахуалын оң бағытқа өзгертетініне кәміл сенемін. Осындай деңгейдегі басшылармен «Ордабасының» өрісі кеңейіп, келешегі кемелдене түспек. Бапкер келеді, кетеді, бірақ команда қалады. Сондықтан біз үшін ұжымның болашағы бәрінен биік. Қазіргі басшылықпен команданың ертеңіне нық сеніммен қарауға болады. Ал құрамдағы ауыс-түйістер тек сапаны арттыруды көздейді».

2026 жылғы маусымның алғашқы матчы 7 наурызға жоспарланған. Шымкенттік клуб өз алаңында павлодарлық «Ертісті» қабылдайды. Қазіргі уақытта ұжымның дайындығы жоғары деңгейде. Команда маусымаралық оқу-жаттығу жиындарын толық аяқтап, алдағы додаға тас-түйін дайын отыр

ЕРМҰХАМЕД МӘУЛЕН, «ОРДАБАСЫ» ФК ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ: «Команда «Биік» оқыту базасында жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Және бапкерлік штат спорттық аналитиктер «Ертіс» командасын толықтай зерттеген. Негізгі қарсыласымыз сол. Ертіс командасын енді өз алаңымызда шынын айтқанда 3 ұпай алып жеңуіміз керек. Одан басқа мақсат жоқ».

Клуб басшылығы алдағы екі жылда жеке академия ашуды және стадион инфрақұрылымын толық жаңартуды мақсат етіп отыр. Бұл қадамдар клубтың болашақ дамуының негізі болмақ.

Ботакөз Әнуар