Сайлау-2022: 102 жастағы Орынша апа өз таңдауын жасады

26

Шымкенттің ең егде жастағы тұрғыны Президент сайлауында өз таңдауын жасады. 1920 жылы дүниеге келген әжей Қазақстанның көптеген тарихи сәттерін бастан өткерген ана, бүгінгі өтіп жатқан сайлауда да белсенділік танытты. Сондай-ақ, ҚР Кубогының жеңімпазы жергілікті «Ордабасы» командасының ойыншылары алғашқылардың бірі болып, ел келешегі үшін дауыс берді.

Жасы 102-ге жеткен тыл ардагері Орынша Шемирова Президент сайлауында таңдау жасауға өзі келді. №266 сайлау участкесінде дауыс берген әже барша қазақстандықтардың болашағы жарқын болсын деген тілегін арнады. Бар ғұмырын еңбекке арнаған ақжаулықты ана 5 бала, 25 немере, 35 шөбере сүйіп, бүгінде үлкен әулеттің тұтқасы болып отыр.

Орынша Шемирова, 102 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны: “Енді алға қарай ұмтылып, ыжданың мекем болса, қарттық келмейді. Деніміз сау болса, тыныштық заман болсын. Дендерің сау болсын, айналайындар. Істерің алға баса берсін”.

Ал №90 сайлау участкесінде биылғы ҚР Кубогының иегері “Ордабасы” футбол клубының ойыншылары өз таңдауын жасады. Ордабасылық 5 спортшы таңертеңнен Қажымұқан стадионына келіп, белсенділік танытты. Команда капитаны Самат Шәмші “сайлауға қатысу – біздің азаматтық міндетіміз” – дейді.

Самат Шәмші, “Ордабасы” ФК капитаны: “Бүгін командамызбен бірге келіп, өз таңдауымызды жасадық. Қателеспедік деген ойдамыз. Осы сәтті пайдаланып, барша қазақстандықтарды, Шымкент тұрғындарын және «Ордабасының» барша жанкүйерін дауыс беруге шақырамыз”.

Дауыс беріп біткен соң команда стадион алдына жиналған жанкүйерлеріне шеберлік сыныбын көрсетіп, қолтаңба берді.

“Қажымұқан” стадионындағы дауыс беру орны таңғы 7-ден бастап жұмысын бастады. Онда 1 сағат ішінде 14 адам келіп, дауыс беріп үлгерген.

Бақыткүл Нәлібаева, №90 сайлау участкесінің төрайымы: “Біздің сайлау учаскесі сағат 6-да комиссияның қатысуымен ашылды. Тұрғындарға 7-ден бастап ашық болды. Ең бірінші болып, ер азамат келіп дауыс берді. Қазір 14 дауыс берілді”.

Айта кетейік, мұнда 2 мыңға жуық тұрғын тіркелген. Және учаскеде ешқандай құқық бұзушылық фактілері тіркелген жоқ.