Бүгінде Шымкент қаласының шалғай шетінде орналасқан шағынаудандарда құрылыс жұмыстары қызу жүргізілуде. Шағынаудан тұрғындары өздері тұрып жатқан аумаққа жанашырлықпен қарап, қала әкіміне ұдайы өтініштерін жеткізіп тұрады. Соған сай жергілікті билік те тұрғындардың өтінішін кезең-кезеңімен шешіп беруде.
Қала әкімі шалғай елді-мекендердегі тұрғын үй құрылысына берілген жаңақұрылыс жер учаскелерін ауыз сумен қамтуды тапсырған болатын.
Осы мақсатта Шымкент қаласына қарасты Еңбекші ауданындағы 6 тұрғын алапта, атап айтқанда “Қарабастау”, “Қаратөбе”, “Жұлдыз”, “Тоғыс”, “Жыланбұзған”, “Айнатас” елдімекендерінде құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жұмыстар 2023 жылға өтпелі түрде жасалады деп жоспарлануда. Тұрғындар сапалы ауыз суға қол жеткізетін болдық деп қуанулы.
Бүгінгі таңда, “Қарабастау” тұрғын алабындағы 1590 абонетті қамтитын ауыз су құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс барысында жаңадан құбырлар тартылып, құдықшалар орнатылуда. Және де алдағы уақытта “Жұлдыз” тұрғын алабындағы 484 абонетті қамту жұмыстары жүргізілмек.
Аудан аумағында 35 шағынаудан мен тұрғын алаптар бар. Осы аумақтарда халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Ал, жаңақұрылыс аумағын ауыз сумен қамту жұмыстары 2023 жылы толығымен аяқталады деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Еңбекші ауданына қарасты “Оңтүстік” елді мекенін сапалы электр қуатымен қамту құрылыс жұмыстары аяқталды. Жобаға сәйкес сапалы электр қуатымен қамтылатын барлығы 933 үй болса, жобадан тыс жаңадан бой көтерген 20 үй бар.
Қазіргі уақытта электр тарату бекеттері мен трансформаторларға электр қуаты берілді.
Құрылыс жұмысы барысында 18 электр трансформаторы, қуаттылығы 10 кВ құрайтын 1 электр тарату бекеті орнатылды. Сонымен қатар, 28,5 шқ 10 кВ-тық және 52,2 шқ 0,4 кВ-тық электр желісі тартылды. Ендігі кезекте «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Шағынаудан тұрғындары сапалы ауыз су мен сапалы электр жарығын тұтынатын болады.