Шымкентте спирттік ішімдікті заңсыз өндіріп келген

Шымкенттік тұрғын жасырын жағдайда белгілі спирттік ішімдікті қолдан жасап өндіріп келген.

Бұл туралы Экономикалық тергеу департаменті мәлімдеді. Ер адам жалған алкогольді түпнұсқа бөтелкелерге құйып, жалған акциздермен таңбалаған. Тіпті өткізу пункттері де дайындалған. «Тапқыр» кәсіпкер 500 бөтелке контрафактіні сатуға дайындаған. Бүгінде іс сотқа жіберіліп, цех иесі кінәлі деп танылып, бір жылға сотталды. Сондай-ақ қоғамдық орындарда 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тарту жазасы қабылданды.

Камилхан Исмаилов, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы: «Оқиға орнын тексеру барысында, «Родная степь» маркалы 500 бөтелке арақ, 450 литр спирт, 225 литр спирті бар қоспа, жалған есепке алу-бақылау маркаларының 1 орамы, 1 қорап қақпақтар, қаптауға арналған арнайы клеенка 1 орам, этикет жапсырмаларының 1 орамы және 240 дана бос бөтелке табылды және тәркіленді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 233-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс аяқталды және сотқа жіберілді».

Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Шымкентте өткен жылдың өзінде суррогат алкоголь жасаған 12 «тапқыр кәсіпкерді» анықтаған еді. Олардың басым бөлігі арақ, коньяк және бренди өндірген. Қазіргі таңда тәркіленген барлық алкоголь өнімдері жойылды.