Жалған банкноттарды қалай ажыратуға болатынын Ұлттық банктің Түркістандағы филиалы айтып берді

60

15 қараша – Ұлттық валюта – тенге күні! Биыл ұлттық теңгенің айналымға түскеніне 29 жыл толады. Ұлттық валюта теңге деп аталып, оның жүз еселенген бөлігі тиын атауына ие болды. Ежелгі түріктердің «денге» немесе «таньга» деген ұсақ күміс тиынының атауына қарай Қазақстан ұлттық валютасын «теңге» деп атады. Орыс тіліндегі «деньги» сөзінің де түптамыры осы сөздерде жатыр.

1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстан өзінің ұлттық валютасын шығарған еді. КСРО ыдыраған соң, ұлттық валюта енгізу – өте маңызды әрі өте қажет шаралардың бірі болды. Теңге небәрі 1 жыл ішінде жасалып шықты. Қазақстан ақшасының алғашқы партиясы Лондондағы Harrison&Sons фабрикасында басылса, алғашқы қазақстандық монета Германияда соғылған.

Теңге 1995 жылға дейін шетелде басылып келді, ал осы жылдың мамыр айында Қазақстан Ұлттық Банкінің Банкнот фабрикасы салтанатты түрде есігін айқара ашқан еді. Банкнот шығаратын отандық кәсіпорынды құру үшін Ұлыбританияның атақты Thomas De La Rue компаниясы серіктес ретінде таңдалып, сол компаниямен толық өндірістік циклі бар банкнот шығаратын құрылғы мен технологияны жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ел аумағы бойынша ұлттық валюта шығаратын жалғыз эмитент болып табылады. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы өзінің дизайны мен жоғары қорғалу деңгейі бойынша сәтті купюралардың бірі болып танылады.

Ақшаны қолдан жасау тәсілдерін қиындату үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мамандары ақша белгілеріне қорғау элементтерінің кешенін енгізеді: Мысалы, банкноттардың қағазының өзіне тән сықыры болады, жарыққа қаратқанда су белгілері, қорғаныш жіптер, біріктірілетін элементтер, банкноттың еңіс бұрышы өзгерген кезде айқындалатын жасырын бейнелер, түрлі-түсті ауыспалы бояумен орындалған элементтер көрінеді. Қолмен сипағанда банкноттың беткі және сыртқы жағында арнайы бедерлі мөрді сезінуге болады. Мұның бәрі комбинацияда банкнотты қолдан жасау ықтималдығынан қорғайды. Сонымен қатар, жалған купюраны нағыз купюрадан ажырату үшін: «Сез-қара-айналдырып қара» әдісін ұстану қажет. Жалған банкнотты нағыз банкноттан ажырату үшін кез-келген адам банкноттардың түпнұсқалығының кем дегенде екі-үш көзге көрінетін белгілерін анықтай алуы керек.

Түпнұсқа банкнотты жалған банкноттан арнайы жабдықсыз қалай ажыратуға болатындығы туралы кеңестер:

Біріншіден, банкнотты сипап қарау арқылы сезіну керек.

Банкнот қағазының өзіндік сықырлайтын ерекшелігі бар. Барлық банкноттарға бедер жасайтын арнайы мөр енгізілген. Егер саусақпен «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» атауын немесе архитектуралық бейнелерді, Қазақстанның картасын сипап қарасақ, бедерді сезінуге болады. Сондай-ақ, барлық банкноттарда көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгілер бар, олар банкноттың төменгі бөлігінде орналасқан. Бұл дөңес, жоғары бедерлі элементтер сипағанда айқын сезіледі.

Екіншіден, банкнотты мұқият қарап шығу керек.

Басында жалпы көру арқылы әсер қалыптасады: ақша белгісі таза, айқын, контрастылы ма әлде дақтары немесе аққан бояу іздері бар лас па? Банкнотты жарыққа қаратып зерделегенде, Сіз аңыздағы «Самұрық» құс түріндегі су белгісін және номиналдың сандық бейнесін көре аласыз. Банкнотты жарыққа қаратып магниттік және қағаздың бетіне жазулары бар пунктирлер түрінде шығатын, сүңгіме (металдандырылған) деп аталатын жіпті тексеру керек. Жарыққа қаратқанда ол тұтас болуы тиіс.

Үшіншіден, банкнотты айналдырып қарау қажет.

1000 теңгеден 20000 теңгеге дейінгі банкноттарда банкноттың еңіс бұрышына қарай өзінің түсін жасылдан алтынға өзгертетін «Спарк» қорғау элементі бар. Банкнотты әртүрлі бұрыштарда баяу айналдырып бұрған кезде түрлі-түсті жолақтың элемент бойымен қозғалуын көруге болады. 2000 және 5000 теңгелік банкноттардың сыртқы жағында голографиялық жолақ бар. Голограммадағы суреттер жалтырайды және динамикалық әсері болады.

Бұл үш әдіс Сізге банкноттың түпнұсқалығын арнай жабдықсыз анықтауға көмектеседі.

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі» РММ
Түркістан филиалы