Министр: Отандық онлайн такси қызметіне қолдау жасалады

35

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин «Аparu» такси қызметінің басшысымен кездесті. Кездесу кезінде компания жетекшісі Ерлан Шаяхметов министрмен сервисті одан әрі дамыту мәселесін талқылады.

Алдағы уақытта такси қызметін басқа қалалардың нарығына шығару жолдары қарастырылады.
«Aparu – еліміздің Өскемен қаласында 10 жыл бойы такси қызметін табысты жүзеге асырып келе жатқан компания. Ерке Ертістің жағасындағы өскемендіктер арасында сұранысқа ие сервис. Сапа жағынан да қала тұрғындарының көңілінен шыға білген. Соңғы жылдары Аparu такси қызметі күніне 50 мыңға жуық тапсырысты қабылдаған», – деп жазды Мусин  телеграм-арнасында.
Министрдің ойынша, отандық такси қызметі ЯндексGo, Uber сияқты алыптармен бәсекеге түсе алады.
«Компанияның қанатын кеңге жаятынына сенімдімін. Бәсеке бар жерде – даму бар. Біз өз тарапымыздан қазақстандық компанияларды қолдауға және оларды одан әрі дамытуға ынталандыруға тырысамыз», – деп атап көрсетті Мусин.