Тәуелсіздік күніне орай Төлеби ауданы, Алғабас ауылында «Алғабас Арена» спорт кешенінің алғашқы қазығы қағылды. Бұл «Шымкентцемент» ЖШС-нің Төлеби ауданында атқарып жатқан игі ісінің бір парасы ғана. 2021 жылы Төлеби ауданы әкімдігі мен «Шымкентцемент» ЖШС үш жақты меморандумға қол қойған болатын. Келісім шартта көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында айтулы серіктестік, бүгінде жергілікті Ақбастау, Алғабас, Киелітас, Абай және Ұйымшыл елді мекендерінің тұрғындарымен бірлесе жұмыс атқарып жатыр.
Айтулы үш жақты меморандумға 2021 жылдың күзінде қол қойылған болатын. Келісім шарт 5 жылға құрылды. Ал жалпы аймаққа тартылған инвестиция көлемі бір миллион долларды құрайды.
Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы Нұрлан Қойбағаров, «Шымкентцемент» ЖШС бас директоры Збигнев Шишка, Төлеби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев және самбо мен дзюдодан екі дүркін әлем чемпионы Мәди Нәбиев келіп, заманауи спорт кешенінің бірінші қазығын қақты.
Нұрлан Қойбағаров, Төлеби аудандық мәслихатының хатшысы: «Мінекей, Алғабас ауылында үлкен іс-шара болып өтті. Спорт кешенінің қазығын қағып жатырмыз. Бұл істі «Шымкентцемент» кәсіпорны айналасындағы елдімекендерді дамыту мақсатында ақша бөліп отыр».
Спорт кешенінің ғимараты мен жабық футбол алаңының жалпы ауданы шамамен екі мың шаршы метрді құрайды. Мұнда жергілікті тұрғындар ойын-сауықтық іс-шаралар өткізіп, дене шынықтыру үшін барлық жағдай жасалады. Сонымен қатар, шағын футбол, волейбол және баскетбол сынды спорт түрінен жаттығулар жасауға да мүмкіндік берілмек. Жаңа нысанда бокс пен жекпе жекке арналған кең залдар да қарастырылған.
Нұрбек Қазықбай, «Киелі Қазығұрт» қоғамдық бірлестігінің өкілі: «Біз қазақ ырымшыл халықпыз ғой. 4 құбыламыз тең болсын деп, аудан әкімдігі, «Шымкентцемент» компаниясы мен аудан азаматтары бірлесіп қазығын қағып жатырмыз. Негізгі қаржыландырушы «Шымкентцемент». Ол кісілерге де ұжымға да ауыл халқы алғысын жеткізіп жатыр. Осы спорт кешенінен мықты спортшылар шығады деген үміттеміз».
Мәди Нәбиев, әлем чемпионы: «Алғабас ауылында керемет спорт кешені салынғалы жатыр. Мен өзім бапкермін маған келетін жастардың басым көпшілігі ауылдан келеді. Талантты, қарым кабілеті мықты болады. Жеңімпаздар ауылдан шығады».
Спорт кешенінің жобасы аудан халқымен ақылдаса отырып жасалды. Аймақтағы балалардың мүмкіндігі мен жастар арасында сұранысқа ие спорт түрлері таңдалып алынды. Жаңа мүмкіндіктер алаңы — «Алғабас Аренаны» «Шымкентцемент» ЖШС-і өз қаражатына салып жатыр
Збигнев Шишка, «Шымкентцемент» ЖШС-нің бас директоры: «Біз Алғабас ауылында арнайы бас қосып, жарты жылдан бері жоспарлап келе жатқан кешеннің құрылысын бастағалы жатырмыз. Жобаны дайындауға жергілікті тұрғындар атсалысты. Бұл олардың жеке жобасы. Біз тұрғындардың көптен күткен ғимаратын жобалауға мүмкіндік бердік. Төлеби ауданымен бұған дейін де меморандумға қол қойғанбыз. Оның алғашқысы жарықтандыру еді. Жарықты тек Алғабасқа ғана емес, Киелітас пен Ақбастау ауылына да жүргізгенбіз. Осылайша біз өзіміздің атқарып жатқан ісімізбен ниетіміздің адал екенін көрсеттік деп ойлаймыз. Ал бүгіннен бастап спорт кешенінің жобасын жүзеге асыруға кірісіп жатырмыз».
Айта кетейік, бұған дейін «Шымкентцемент» ЖШС-нің есебінен Ақбастау, Киелітас, Алғабас, Абай және Ұйымшыл елді мекені таза ауыз сумен қамтылған болатын.