Төлеби ауданына-90 жыл: Ардагерлер үйі мен спорт кешені халықтың тартуы

193

1932 жылы құрылған Төлеби ауданы биыл 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Мерекені аудан халқы толағай жетістіктермен қарсы алып отыр. Атаулы датаны жоғары деңгейде өткізу мақсатында жоспар түзіліп жұмыстар кестеге сәйкес атқарылып жатыр.

Төлеби ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында Орталық саябақта жаңа үлгідегі ардагерлер үйі пайдалануға тапсырылмақ. Қазіргі таңда ғимараттың ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Мақсат Жұмабаев, Төлеби аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы: «Бұл нысанға аудан бюджетінен бірде бір тиын жұмсалмады. Кәсіпкерлер ақсақалдар өздері бірлесіп осындай тарту жасауда. Ғимараттың ішінде 40-50 орындық қымызхана, одан бөлек шахмат ойнайтын орын. Ал әжелерге керемет жабдығымен  асхана бар».

Ауданның мерейтойына тағы бір тарту- ол спорт кешені. Бұл әлеуметтік нысан асар тәсілімен бой көтеруде. Спорт ғимаратында өлшемі 30*13, ал биіктігі 6 метр күреске арналған залда екі татами дайындалуда.

Айта кететін жәйт, бұл нысанның жылу жүйесін де жомарт азаматтар өз есебінен қаржыландырып жасатып берген. Негізгі бөлмеден басқа мұнда киінетін орындар, спортшылар жуынатын орын да қарастырылған. Болашақ чемпиондарға жатақхана да салынады деп жоспарлануда.
Мәди Нәбиев, дзюдо, самбо күресінен шеберлер арасында Әлем чемпионы, бапкер: «20 жылдан астам бапкерлік өтілім бар. Спорт залдар бар, алайда  тар,  талаптарға сай келмейтін. Былтыр әлем чемпионатында жеңіске жеткенде «бір азамат не қалайсың» деп сұраған еді. Сол кезде балаларға арналған спорт кешенін салу жайында ойымды жеткізген едім. 27 соттық жер тарту етті.  Жомарт жандар жоқ емес бар, солардың арасында  жастар, кәсіпкерлер  арқасында осы спорт кешенін салып  отырмыз. Қолдау көрсеткен барлығына алғысым шексіз».

Аудандағы орталық саябақтың күрделі жөндеуіне 42.6 млн. және Тәуелсіздік демалыс орнын жаңалауға 186 млн. теңге аудан бюджетінен бөлінді.

Мақсат Жұмабаев,  Төлеби ауданы әкімдігіндегі  ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы: «Саябақтағы орындықтар барлығы ауыстырылуда. Осындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге арналған кешен де жаңалануда. Спорт алашасы да жаңадан бой көтерді. Мына элементтер, тренажарлардың кепілдік мерзімі 5 жыл».

Ауданда бұдан бөлек, абаттандыру және ағымдағы жөндеу жұмыстары, Ленгір-Көксәйек бағытындағы айналма жолды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.