Шымкенттегі аудан басшылары қызметтік көлігін арнайы техникаға ауыстырды

44

Шымкентте қалың қар жауып, таңертеңнен бастап коммуналдық қызметкерлер қала көшелерін тазартуды бастады. Осыған байланысты қала басшысы жауапты мамандарға тәулік бойы жолдарды қардан тазалауды бақылауда ұстауды тапсырды. 

Желтоқсан айы шымкенттіктер үшін ақ ұлпамен басталды. Синоптиктердің болжамына сәйкес Шымкент пен Түркістан облысында биыл жауын-шашын әдеттегіден көбірек жауатын көрінеді. Көшені басқан қалың қар кеше түнгі сағат 12-де басталды. Сондықтан қала көшесіндегі қауіпсіздікті сақтау үшін жауапты мамандар таңнан бастап тек көшеге шықты.

Рашид Мыңбаев,  Әл-Фараби ауданының әкімі: «Өздеріңіз де білесіздер. Кешеден бастап қар жауа бастады. Бірден қардан тазарту жұмыстарына кірістік. Түнімен тұз-құм себілді. Енді жұмысшылар қарды сүруге кірісті. Жүргінші жолдарын тазалауға шағын тракторлар да тартылды”.


Қаланың орталық бөлігін арнайы техникалардан бөлек, таңертеңмен кіші қызметкерлер күректерін алып, жаяу жүргіншілер жолын тазартады. Әр аймақта бірнеше адамнан қар күреумен айналысып жатыр.

Бағлан Куат, кіші қызметкер: “Таңертеңнен бастап жұмыс істейміз. Қазірге дейін біраз жұмыс істелді. Көшелерді тазалап жатырмыз”

Ал Еңбекші ауданында қар күреуге арналған техника орталық көшелерді ғана емес, ауданның шалғай жерлеріне дейін тазартып жатыр. Тіпті аймақ әкімі қызметкерлермен бірге Камаз көлігінде бірге жүріп, бақылауға кірісті.

Досбол Есбол, Еңбекші ауданының әкімі: “Таңертеңнен бастап көшеде жұмыс істеп, жол тазалаудамыз. Жағдай қалыпты. Шалғай аудандарға да барамыз. Таңертең қар көп жауды, қазір тазалап жатырмыз”.

Қаратау ауданында да жұмыстар күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Ал Абай ауданында жеке секторлар жиі орналасқандықтан әр учаскеден бірнеше рет қар шығарылуда.

Басшылық үшінші мегаполистегі жағдай тұрақты екенін айтады. Әкімдік коммуналдық қызметшілер әлі тазарту жасамаған аймақ болса, шұғыл хабарлауды сұрайды. 109 нөмірі тәулік бойы жұмыс істейді. Қала басшысы аудан әкімдеріне жұмыстың қалай атқарылғаны жайында үздіксіз есеп беріп отыруды тапсырды.