Шымкентте қоғамдық көлікте жүру ақысы қымбаттауы мүмкін. 2016 жылдан бері бірде бір рет бағаны көтермедік деген әкімдік өкілдері қазіргі таңда арнайы топ жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов 2023 жылдың қаңтарынан бастап бұл салада бірқатар жаңалықтар болатынын айтты. Транспорт саласында не өзгереді?
Енді автобуста төлем картаңызды алып жүрудің қажеті жоқ! 2023 жылдың қаңтар айынан бастап арнайы мобильді қосымша іске қосылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов баспасөз брифингінде мәлімдеді. Айтуынша, бұл жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, кондукторсыз жүйеге ертерек көшуге мүмкіндік береді.
Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қазіргі таңда сіз картаңызды жоғалтып алсаңыз, қайта 500 теңгеге алу керек, немесе ұзақ күту керек. Енді ондай болмайды. Телефоннан мобильді қосымшаны жүктеп аласыз да, өзіңіздің картаңызды енгізіп қойып кюармен төлей бересіз».
Ал кондукторсыз жүйе толығымен 2023 жылдың соңында енгізілуі мүмкін. Бүгінде қаладағы 77 маршруттың 19-ы кондукторсыз қызмет көрсетеді. Бұл цифрды кезең-кезімен көбейту жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Мақсұт Пернебайұлы алдағы уақытта автобуста жүру ақысын қымбаттату қаралып жатқанын айтты.
Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қазіргі таңда арнайы топ жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде бірқатар көп мәселер қаралуда. Зейнеткерлер тегін жүруі керек, оқушылар тегін жүруі керек, мүмкіндігі шектеулі жандар тегін жүруі керек деген сияқты ұсыныстар көп. Соларды қарап жатырмыз».
Айта кетейік, қазіргі таңда үшінші мегаполисте 1000-ға жуық қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Олардың 80 пайызы жаңа автобустар. Бұл көрсеткіш бойынша Шымкент Республикада елордадан кейінгі екінші орында тұр. Қала әкімі орынбасарының сөзінше, 2020 жылы 3 жылға дейінгі автобустардың үлесі небәрі 30 пайыз болған.