Экс-әкім орынбасарының үстінен пара беру дерегі бойынша іс қозғалып жатыр

543

Аса ірі көлемде пара бермек болды деген күдікке ілінген Мақсұт Исаховқа қатысты сот отырысы басталды. Экс-шенді өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Бірінші тыңдалымда әкімнің бұрынғы орынбасары орын алған жағдайға байланысты өз уәжін айтты.

Шымкентте қала әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы басталды. Мақсұт Исахов 2023 жылы 20 шілдеде лауазымын асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталған еді. Алайда қылмыстық құрамы анықталмауына байланысты 2 рет іс тоқтатылған. Ал сол жылдың соңында ол аса ірі көлемде пара берді деген күдікпен қамауға алынды.

Мұхтар Арыстанов, прокурор: «2020 жылы 685 млн. теңгеге бағаланған мемлекеттік сатып алу конкурсын “Корпорация «Сити-Строй» ЖШС-і жеңіп алған. Алайда бұған келіспеуіне байланысты “СТАРТ-СТРОЙ” сотқа шағым түсірген. Ал Исахов жеке компания шағымынан бас тартса, оған басқа тендер ұтып беретінін айтып 187 млн. теңге көлемінде қаражат сұраған. Алайда істі “СТАРТ-СТРОЙ” ЖШС-і жеңіп шығып, қосалқы мердігер ретінде «Сити-Строй» ЖШС-і бекітілген. Сотталушыға айтулы жайт бойынша іс қозғалатын болған соң, ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасарын пара алуға көндіріп, істі жасырмақ болды деген айып тағылып отыр»

Ал пара беру дерегі бойынша күдікті жағдайдың мүлде басқаша болғанын айтады. Оның сөзінше іс қозғалатын болған соң қомақты қаражатты Шымкент қалалық ҰҚК департаменті басшысының экс орынбасарының өзі сұраған.

Мақсұт Исахов, күдікті: «Мені Сарбасовтың өзі шақырған болатын. Ол үстінен мені қамаққа алу жайында үкім келгенін айтты. Мен «жұмыс орным керек болса, орнымды босата салайын» дегенмін. Бірақ ол көмектеспейтінін айтты. Оданда істі жеңілдететін. Көрсеткен қызметі қызметпен өтелу керектігін айтып, яғни пара беруді тұспалдады. Бағаны бастапқыда 500 мың деді. Ал мен оның доллар екенін түсінбедім де. Кейін 200-ге түсірді. Мен өзімді бұл істе кінәлі сезінбеген соң ақша беруден бас тартқанмын. Мен не үшін ақша беруім керек еді?».

Прокурор айыптау актісінде, күдікті пара беру үшін арнайы схема құрғанын айтқан болатын. Сөзінше олар «Асқарға» деген кілтсөзді қолдана отырып, 200 мың долларды қаланың бір дүкенінде қалдырған. Ол жерден қаражатты келесі адам алып, экс шендіге тапсыру керек болған.

Мақсұт Исахов, күдікті: «Видеоны ашып қараған кезде қара пакетті курьер алып келіп, сатушы қызға тапсырған. Одан кейін видео үзілген. Кейін 1 жарым сағаттен кейін барып Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп, видеомен түсіріп ақшаны алған. Тағы видео үзілген. Содан кейін басқа бөлмеге барып, пакетті ашып, ақшаны көрсете бастаған. Оның арасында не болғаны белгісіз. Мүмкін курьер бомба тастап кеткен шығар. Түсініксіз. Бір қызығы ақшаны араға 6 күн салып санаған. 6 күн бойы сонда не істегені де түсініксіз»

Бұған дейін экс мемлекеттік қызметкердің уақытша қамауға алынған алынбағаны, тергеудің қалай жүргізілгені туралы ешқандай ақпарат болмаған. Ал күдікті сол аралықта өзіне қатты қысым көрсетілгенін айтады.

Мақсұт Исахов, күдікті: «35 күн бойы тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізді. Логикалық тұрғыда ойлаңызшы олар қалай тергеу жүргізеді. Ол кезде маған көп қысым көрсетті. Ал уақытша тергеуге көшіргенде карцерде ұстады. Кейін камераға ауыстырды. Жұбайымды қоғамдық қорғаушым ретінде мойындамай сандалтты. Ол кезде маған 10-15 жылға сотталасың деп қорқытумен болды. Егер өзің мойындасаң басқа біреуді ұстап берсең жаза өтеу уақытын қысқартуға көмек береміз деумен болды. Өзім бір өзім қамауда отырдым, бір жағынан 6 баламды ойладым, оның 5 бесеуі кәмелетке толмаған, ал анамның жасы 75-те, ал бір жағымнан үздіксіз қысым көрсетіліп жатты. Мұндай жағдайда мен қалай шешім қабылдарымды да түсінбедім»

Бұған дейін күдіктінің пара сұраған аудио жазбасы әлеуметтік желіде тараған болатын. Исаховтың заңгері ол жазба өңделген болуы мүмкін деп топшылайды.

Жәния Бодау, М.Исаховтың заңгері: «Барлық айыптау қағаздары Қылмыстық-процестік кодексi нормаларын бұза отырып, қолдан жасалған деп білемін. Менің қорғалушым қазір пара беру дерегі бойынша сотқа жауап беріп жатыр. Оған дейін қызметін асыра пайдаланды деген болатын. Алайда ол істер жабылды да енді, бұл іс қозғалды. Мұнда бір шикілік бар. Ал аудио жазба Мұқсұт Исаховтың рұқсатынсыз қолданылған. Оның үстіне ол монтаждалған. Оған қоса жазба 2020 жылы жазылған. Қазір экспертизадан өткізу үшін сотқа дейінгі тергеу органы монтаждалған және монтаждалмаған нұсқаны алуға тырысып жатыр. Себебі қандай да бір қателік жіберіп алмас үшін»

Мақсұт Исаховтің ісі әлі жалғасатын болады. Келесі сот отырысы наурыз айының соңына қарай өтеді деп жоспарланған.

Әсел Мәлік