Түркістан облысының әкімі Ордабасы ауданының халқымен кездесті

133

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының халықпен кездесуі жалғасуда. Ордабасы ауданында іссапарымен болған өңір басшысы бірқатар кәсіпорындарда болып, қайта өңдеуге бағытталған жоба- жоспарлармен танысты. Сонымен қатар аудан тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдау да өткізді.

Өңір басшысы Ордабасы ауданының экономикалық мүмкіндіктерімен танысты. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында іске қосылған зауыт көмір-химия өңдеумен айналысады.

Серікжан Сейітжанов, кәсіпорынның құрылтайшысы: «Стандарт ресурсис» ЖШС Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында іске қосылған зауыт. Кәсіпорын  көмір-химия өңдеумен айналысады. Инвестициялық құны – 1 млрд. 500 млн. теңге. Құрылысы 2020 жылы аяқталған өндіріс орны жұмысының І кезеңін 2022 жылдың бірінші жарты жылдығында бастаса, ІІ кезеңін үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында іске қосқан. Қуаттылығы – 30 000 тонна. 200 адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлығы 120-150 мың теңгені құрайды».

Екінші нысан «Бадам» индустриялды аймағындағы полиэтилен бұйымдарын қайта өңдеумен, синтепон талшығын өндірумен айналысатын кәсіпорын. 2016 жылы негізі қаланған зауыттың инвестициялық құны 6 млрд. 800 млн. теңгені құрайды. Түркістан облысының барлық аудандарында кезеңді кездесулер өткізген өңір басшысы Дархан Сатыбалды дәл осы Ордабасы ауданында жылды қорытындылады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Президент ұлықтауда атап өтті. Ауылдың жағдайын жақсартуымыз керек. Сондықтан осы бағытта жұмыс жүргіземіз».

Жиын барысында әкім атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Ең бастысы елді мекендерді инфрақұрылыммен қамтуға басымдылық берілетінін атап өтті. 2025 жылға дейін өңірдегі ауылдар 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылуы тиіс. Ал сұрақ жауапқа кезеңінде халық тарапынане жол мәселесі жиі көтерілді.


Сейлхан Алтыбаев, Ордабасы ауданының тұрғыны: «Шұбарсу елді мекеніндегі жолдарымызды  жөндеп беруге ықпал етсеңіз. Ауыларалық жолымыз да сын көтермейді».

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Ия хабардармын. Бірақ біз бірінші суды, газды жүргізейік, сосын жол саламыз, солай дұрыс».

Кездесуге қатысқан ақсақалдар ауылдағы ағайынның аманатын өңір басшысына жеткізді. Ол тозығы жеткен жүйелерді жаңалау, туризмді дамыту, емхананың құрылысы сияқты мәселелер. Көкейінде жүрген сауалдарын азаматтар жеке қабылдау барысында да облыс әкіміне қойып, жауабын алды.