Түркістанда Тәуелсіздік күні қарсаңында 20 отбасы баспаналы болды

30

Түркістан қаласында биыл жыл соңына дейін баспана кезегінде тұрған 700-ге жуық отбасына әлеуметтік баспана беріледі. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында облыс әкімі Дархан Сатыбалды 20 отбасына пәтер кілтін тапсырып, қуаныштарымен бөлісті. Күнгей өңірдің жаңа ауданында бой көтерген 9 қабатты 5 тұрғын үйде әлі 5 мыңға жуық халық қоныс тойын тойлайды.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Облыс орталығы болғалы бері көптеген көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерді. Биылдың өзінде 200 мың шаршы метрден астам құрылыс жүргізіліп, 51 тұрғын үй тапысырысқа беріліп отыр. Міне, бүгін соның бірі 9 қабатты 5 тұрғын үйді табыстайын деп жатырмыз. Құтты болсын. Пәтерлеріңіз берекеге толсын».

Айта кетейік, баспаналар тәуелсіздік мерекесі қарасаңында табысталды. Және облыс әкімі жиналғандарды тұғырлы мерекемен құттықтап, Мемлекет басшысының тапсырмалары орындалып жатқанынан хабардар етті.

Дархан Сатыбалды,Түркістан облысының әкімі: «Сіздерді Тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын. Тәуелсіздіктің арқасында мемлекетіміз тұрақты даму жолына түсті. Рухани астанамыз Түркістан қаласы облыс орталығы ретінде өркендеудің жаңа сатысына өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қалаға жаңа мәртебе беру көзделуде. Сонымен бірге Президентіміз өз Жолдаулары мен тапсырмаларында халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмысты жандандыруды тапсырған болатын. Міне, осы бағытта жұмыс жүріп жатыр».

Қоныс тойын тойлап жатқандардың арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған, толық емес және көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балалар, зейнеткерлер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері бар. Жалпы, келесі жылы 62 үй салынып, тағы 4202 пәтер иесі қоныс тойын тойлайды деп жоспарланып отыр. Олардың басым бөлігі «7-20-25» және «Бақытты отбасы» мемлекеттік бағдарламалары арқылы баспаналы болмақ.