14 миллион теңгенің алтын бұйымдарын ұрлаған күдікті ұсталды

84

Төлеби аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі ұрлық қылмысының құрбаны болғанын жеткізді. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз біреулер оның үйінің есіктерін бұзып, үстел үстінде тұрған алтын бұйымдарын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі14 миллион теңгеге жуық.

Полицейлер бұл жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, ұрыларды іздестіруге кірісті. Қылмысты ашуға тәжірибелі полиция қызметкерлері қатарынан жедел-тергеу тобы бағытталды. Жедел-іздестіру шараларын жүргізген криминалдық полиция қызметкерлері, арадан екі аптаға жуық уақыт өткенде күдіктіні анықтады. Ол бұрын сотталған Леңгір қаласының тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті ұрланған бөтеннің мүлкін сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жұмсаған. Қазіргі уақытта осы жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.