23 қаңтарда шетелдік көліктерді мемлекеттік тіркеу басталады

0

Шетелдік автокөлігі бар азаматтарға темір тұлпарын мемлекеттік тіркеуден өткізуге мүмкіндік туды. Шетелдік автокөліктерді мемлекеттік тіркеу ағымдағы жылдың 23-і қаңтарында басталады.

Заңдастыруға өтінішті «электронды үкімет» порталы арқылы онлайн немесе мамандандырылған ХҚКО-ға барып офлайн беруге болады. Елімізге 2022 жылдың 1 қыркүйегіне дейін шетелден әкелінген көліктерді заңдастыру үшін қандай құжаттар керек екенін ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев түсіндіріп берді.

Бұл ретте мамандандырылған ХҚКО-ларда заңдастыруға қажетті құжаттарды қабылдайтын арнайы секторлар ұйымдастырылады.
Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ әкімшілік полииция комитеті төрағасының  м. у. о: «Көлік иесі төрт құжатты ұсынуы керек. Ол өтініш, өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін), көлік құралының паспорты немесе көлік құралын тіркеу туралы куәлік. Сонымен қатар көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат. Яғни мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту немесе иеліктен шығару туралы өзге де мәміле шарттары, мұрагерлік құқығы туралы куәлік».

Аталған құжаттардың растығы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тексеріледі. Бұл жұмыспен арнайы сарапшы–криминалист маман айналысады. Және   орталықта  әкімшілік полиция қызметкері заңдастырудан өту тәртібін түсіндірсе,  мемлекеттік кірістер басқармасының маманы қажет болғанда кедендік төлем бойынша  кеңес береді».

Мамандандырылған ХҚКО-ға келген көлік иесі бастапқы тіркеу үшін 200 000 теңге, техпаспорт үшін мемлекеттік баж – 4 313 теңге, сондай-ақ мемлекеттік нөмірге – 9 660 теңге алым төлейді (барлығы 213 973 теңге ). Сосын құжаттардың түпнұсқасын ХҚКО қызметкеріне тапсырады.

«Тексеруден кейін көлік иесінің ұялы телефонына нәтижесі және көлік құралын тіркеу үшін авто ХҚКО-ға келу туралы хабарлама жіберіледі», – дейді ІІМ өкілі. Еске салсақ, шетелдік көліктерді заңдастыру ағымдағы жылдың 23 қаңтарында басталып, 1 шілдеге дейін жалғасады.