Балағат сөз айтқан азаматтар бір айға қамауға алынады

51

Қоғамдық орында балағат сөз айтқаныңыз үшін айыппыұл салынады. Бұл туралы брифингте ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің өкілі мәлім етті. Енді былапыт сөз айтқан азаматтар 70 мыңға жуық айыппұл төлейді немесе 30 тәулікке қамауға алынады. Бұл заң наурыз айынан бастап күшіне енбек.

Азамат Құрымбаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары: «Жаңа редакцияда қоғамдық орындарда дөрекі сөздер айту, жеке тұлғаларды балағаттау және жәбірлеу, ғимараттарды, құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды, қоғамдық орындарды, көліктегі және қоғамдық орындардағы мүлікті қорлау және басқаларға құрметсіздікті білдіретін осыған ұқсас әрекеттер жасалатын болса, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын ұсақ бұзақылық деп саналады».

Айта кетейік, қазіргі таңда ұсақ бұзақылық үшін сот 5 АЕК көлемінде, яғни 17 250 теңге айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу түрінде жаза тағайындайды. Ал енді айыппұл 20 АЕК, яғни 69 000 теңгеге, ал қамауға алу мерзімі 30 тәулікке дейін ұзарды.