Кентаудағы жылу орталығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр

Түркістан облысының Кентау қаласында орналасқан жылу энергоорталығы қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қоғамдық қауіпсіздік пен коммуналдық қызмет саласының жұмысшыларымен кездесіп,  Кентаудағы жылу орталығының жұмысын тексерді. 

Кентау қаласындағы №5 жылу энергия орталығы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.  Жылу беру температуралық кестеге сай жүзеге асып келеді. 14 мың абонент орталықтандырылған жылуға қосылған және барлығы толық жылу жүйесімен қамтамасыз етілген. Оның 106-сы бюджеттік мекемелер болса, 336 көпқабатты тұрғын үй, 2250-і жеке сектордағы үй. Ал 4 мыңдай коммерциялық нысан аталған орталықтан жылу алып отыр.

Жылыту маусымын сапалы және үзіліссіз өткізу мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, №5 ЖЭО негізгі және қосалқы қондырғыларын, №7,8,11,12 қазандықтарын, №3 турбогенераторды ағымдағы жөндеуге қажетті қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта ағымдағы жөндеу бойынша барлық жұмыс толық аяқталған.

Сонымен қатар, 2022-2023 жылдардағы жылу маусымына қажетті 90 000 тонна қатты отын (көмір), 700 тонна сұйық отын (мазут) және 20 тонна дизельге келісімшарт түзілген. Ол кестеге сәйкес жеткізіліп жатыр дейді сала мамандары.

Айта кетейік, мамандардың сөзінше, 1934 жылы салынған №5 ЖЭО негізгі материалдық жабдықтардың 85 пайызы тозған. Бүгінде Кентау қаласында жаңа жылу орталығын салу мәселесі қарастырылып жатыр. Жаңа ЖЭО қатысты екі жоба жасалған. Оның бірі – жылу орталығын табиғи газға қосу, ал екіншісі – жаңа жылу энерго орталығын салу.