Премьер-министр: «Шымкентте 1-2 оқушылар сарайы аздық етеді»

39

Шымкентте 500 балаға арналған заманауи оқушылар сарайының құрылысы тамыз айында аяқталады. Қазіргі таңда құрылыстың 70 пайызы орындалған. Бүгін үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрі Әлихан Смаилов аталған орталықты аралап, оның мүмкіншіліктерімен танысты.

Үкімет басшысы Әлихан Смаилов Шымкентте салынып жатқан заманауи оқушылар сарайының жұмысымен танысты. Миллионды қала мегаполисте алғаш рет бой көтеріп жатқан мекеме балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, өнер-білім үйренуіне септігін тигізеді.

«Бір уақытта 500 баланы қабылдай алады. Тәулігіне 4 мезгіл жұмыс істеп 2000 мың балаға дейін оқыта алады. Болашақта әр ауданда бір оқушылар сарайын салсақ деп жатырмыз»,-деді қала басшысы Мұрат Әйтенов.

Шымкенттің бас ұстазы Жанат Тәжиева үкімет басшысына заманауи технологияларды қолдана отырып салынып жатқан оқушылар сарайының әр кабинетін таныстырып, оның мүмкіншіліктерін айтып берді. Жалпы, білім басқармасы балаларды 4 жасынан бастап өнерге баулуды жоспарлап отыр.

Орталықтың жұмысына сәттілік тілеген Премьер министр алдағы уақытта мұндай мекемелердің санын арттыру қажет екенін айтты. Өйткені, үшінші мегаполиске бір ғана оқушылар сарайы аздық етеді.

Әлихан Смаилов, ҚР Премьер-министрі: «Мұндай үлкен қалаға 1-2 оқушылар сарайы аздық етеді. Сондықтан біз әкімдікпен бірлесе отырып, тағы қосымша осындай сарайлар салу мәселесін пысықтайтын боламыз. Ол балаларға өте керек нәрсе. Қосымша білім алып, өнер үйренуге мүмкіндік береді».

Айта кетейік, 3 қабатты ғимарат 3 ірі блоктан тұрады. Онда оқу залдары, акт залы, 35 адамдық асхана мен 81 орындық көлік тұрағы да қарастырылған. Сонымен қатар, ғылыми-техникалық, спорттық сауықтыру бағыты, үлкен және кіші бассейндер салынуда. Жоспарға сай нысан биыл тамыз айында аяқталады.