Сұранысқа сай өнім — бизнес заңы

123

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру — бәсекелестіктің басты шарттарының бірі. Келес ауданының шаруаларымен кездескен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, әртараптандырудың осы салаға тұрақтылық әкеліп қана қоймай, жердің құнарын арттыратынын алға тартты.
— Облыстың табиғи-климаттық жағдайын, мүмкіндігін ескере отырып, дамыған мемлекеттерден қалып қоймас үшін бәсекеге қабілетті әлемдік талаптарға сай өнім өндіруге ұмтылған жөн. Егілетін өнім сұранысқа сай болуы керек. Бұл — бизнес. Сондықтан сатуды ойлау керек. Жаппай қырыққабат не қияр егіп, өткізе алмай қалудан қыруар еңбек пен қаражат зая кетуі мүмкін. Сондықтан бұл бағытты жүйеге қойып, алдын ала жоспарлау қажет, егістікті әртараптандыру өте маңызды, — деді Дархан Сатыбалды.


Дархан Сатыбалды биыл ауыл шаруашылығы саласына жеңілдетілген несиелер берілетінін, бұл бағытта Түркістан облысына 11 млрд теңге қаралғанын атап өтті. Сондықтан ол несие нақты жоспары бар, іскер азаматтарға берілуі тиіс екенін жеткізді. Аудан, ауыл әкімдері жаңа жұмыс орындарын көбейтетін және өнім шығаратын жобаларды іріктеп, қолдау көрсетуі керек екенін айтты. Бұл ретте жылыжайлар санын арттыруға да басымдық берілмек.

Ońtústik Rabat газеті, №3 (19.01.2023)