Зергерлік бұйым өндірушілерге 6 пайыздық несие беріледі

38
"Қазақзергердің" гауһар тасты жүзігі

Елімізде зергерлік бұйымдар өндірісін қолдау үшін Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында 6 пайыздық несие берледі. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Сенат депутаттарының сауалына жолдаған жауабында осындай дерек келтірген.

«Зергерлік саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бірқатар қаржылық және қаржылық емес ынталандыру шаралары көзделген. Кәсіпкерлікті дамытудың 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы іске асырылуда. Мәселен, сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау аясында жылдық мөлшерлемесі 6% болатын кредиттер беріледі. 5 жыл мерзіммен берілетін кредит сомасы бір кәсіпкер үшін 3 млрд теңгеге дейін. Кредитті кепілмен қамтамасыз ету жеткіліксіз болған жағдайда ішінара кепілдік беріледі. Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін кепілдіктің ең жоғары мөлшері 85%, жұмыс істейтіндер үшін 50%. Кепілдік сомасы – тиісінше 360 млн теңгеден және 1 млрд теңгеден аспайды. Сыйақының жеңілдікті мөлшерлемесі бойынша микрокредиттер беру 5% мөлшерінде жүзеге асырылады», — деп жазылған  үкімет басшысының жауабында.

Премьер-Министрдің айтуынша, зергелік бұйым өндірушілер инвестицяилық несие де рәсімдей алады.

«Микрокредит беру сомасы инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін, айналым қаражатын толықтыруға 5 млн теңгеге дейін құрайды. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлерге 7 % мөлшерлеме бойынша жеңілдікпен кредит беру көзделген. Кредит сомасы шектелмеген, субсидиялау мерзімі – 5 жыл және кредиттер бойынша ішінара кепілдік беріледі (кредит сомасы 1 млрд теңгеге дейін 50 %)», — делінген Әлихан Смайыловтың жауабында.