Елде Ресеймен бірге құны 23 млрд. теңге болатын 84 ірі жоба іске асырылуда

50

Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Алматыда өтіп жатқан Еуразиялық үкіметаралық кеңестің (ЕҮАК) отырысы аясында Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті.Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын, транзиттік және екіжақты жүк тасымалдау көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды, шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі жоспарларды және басқа да бірқатар тақырыптарды талқылады.

Әлихан Смайылов ҚР мен РФ арасында экономикалық кооперация қарқынды дамып, өзара сауда-саттық деңгейі арта түскенін және бірлескен жобалар іске асырылып жатқанын айтты. Бұл ретте екі ел көшбасшылары арасындағы белсенді саяси диалогтың Қазақстан-Ресей әріптестігінің барлық салаларында жоғары қарқынды қамтамасыз етіп отырғаны атап өтілді.

Өткен жылдың 11 айында өзара тауар айналымы 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өскен.Өнеркәсіптік кооперацияның даму қарқыны жақсы, оның аясында жалпы құны $1 млрд-қа жуық 26 бірлескен жоба іске асырылды. Бұған қоса құны шамамен $23 млрд болатын 84 ірі жоба іске асырылуда және пысықталу сатысында. Осы жобалардың аясында 24 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде.

«Бұл Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының зор әлеуетін көрсетеді, біз оны белсенді түрде қолдап, дамытуымыз қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Өз тарапынан Михаил Мишустин екі ел үкіметтері тұрақты байланыста екенін және өзара мемлекетаралық байланыстардың аса маңызды міндеттерін уақытылы шешіп отырғанын атап өтті.

«Негізгі басымдықтарымыздың бірі – Қазақстанмен қарым-қатынасты әрі қарай нығайта түсу. Біздің ынтымақтастығымыз достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық принциптеріне негізделген. Екі ел арасында өзара сауда-саттық табысты дамып келеді. Бұл ретте біз өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, көлік және басқа да салаларда жаңа өндірістік тізбектер құруды жеделдету маңызды деп санаймыз», — деді Михаил Мишустин.