Шымкентте бір күнде 2 адам газдан уланып, қайтыс болды. Тағы екеуі ауруханаға жеткізілген. Оқыс оқиға 9 ақпан күні орын алған. Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайдың бірі Клара Цеткин көшесіндегі, ал екіншісі Қазығұрт шағынауданында жеке үйлердің бірінде болған.
Оқиға орнына барған жедел топ газ қолдану ережелерінің бұзылғанын анықтаған. Жалпы газ жабдықтарын дұрыс қолданбаған азаматтарға қандай шара қолданылады?
Шымкентте тағы екі адамның мәйіті табылды. 9 ақпан күні сағат түскі бірлер шамасында жеке үйде 1987 жылғы ер адамның газдан уланып, көз жұмғаны анықталды. Осы уақытта үйде болған 2000 жылғы қызы мен анасы да зардап шегіп, ауруханаға жеткізілген. Осыдан үш сағат өткеннен кейін Қазығұрт шағынауданында тағы бір қайғылы оқиға орын алған. Мұнда 1985 жылғы әйел қайтыс болған.
Елдар Қуандықов, «ҚазТрансГаз» АҚ ШӨФ-ның өндірістік техникалық бөлім басшысының орынбасары: «Екі жағдайда да жуыну-шайыну бөлмелеріне қазандықтар мен су жылытқыш қондырғылары орнатылған. Екеуінде де түтін тартудың болмауы анықталды. Осының негізінен алдын ала болжам бойынша улы газдан уланды деген мәлімет бар. Қазір ол жерде сараптама тағайындалды».
Мамандар жуынатын бөлмеге газ жабдықтарын орнатпауға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Сонымен қатар, газ орнату бойынша заң бұзушылықтар анықталған жағдайда азаматтарға айыппұл салынатынын ескертеді. Мәселен, жыл басынан бері 45 шымкенттік азамат 540 мың теңгеден астам айыппұл арқалаған.
Нұрлан Көшкінбаев, Шымкент қаласы газ техникалық инспекциясының мемлекеттік инспекторы, бас маман: «Бұл өлімге әкелетін жазатайым оқиғаларды азайтуға бағытталған. Газбен жабдықтау туралы заңға сәйкес, жауапкершілік газ жабдықтарының иелерінде. Өрескел бұзушылықтар анықталған жағдайда айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. ӘҚБтК-нің 306 бабының бірінші бөліміне сәйкес, жеке тұлғаларға 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады – бұл 24 мың 175 теңге. Айыппұлды бір апта ішінде төлесеңіз, 50% жеңілдік қарастырылған. Ал заң бұзушылық екінші рет қайталанса, айппұл мөлшері 10 АЕК болады».
Айта кетейік, жыл басынан бері 300 газдан улану фактісі тіркелген. Олардың 107-і бала. Ал 11 адам қайтыс болған.