Жыл басынан бері Түркістан облысында қоғамдық орындарға тәртіпті бұзғандар жазаланды. Нақтырақ айтқанда, ортақ пайдаланатын орындарды ластағаны үшін 3400-ге жуық әкімшілік хаттама толтырылған. Нәтижесінде, 93 миллион теңгеден аса айыппұл салынған. Ал қалалар мен ауылдарды абаттандыру қағидаларын бұзған 2600-ге жуық адам 21 миллион теңге айыппұл арқалаған.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен мәжілісте айтылды. Ресми мәліметке қарағанда, өткен аптада аудан және қалаларда тазалық жұмыстарының сапасына, саябақтар мен скверлердің жай-күйіне, сондай-ақ, ғимараттардың сыртқы келбетіне қатысты тексеру жүрген. Жергілікті әкімдіктерге нақты тапсырмалар беріліп, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын тұрақты түрде күшейту міндеттелген.
Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына елді мекендердегі тазалық пен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, кемшіліктерді жедел жоюды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.
Дилара Иса






