Қарумен қорқытып, 3 миллион теңгелік жылқысын көліктеріне тиеп алып кеткен

32

Түркістан облысының полицейлері өзінше билік ету қылмысына қатысы бар ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушысын ұстады. Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын өзінше билік етіп, бөтеннің мүлкін иемденген қылмыс туралы арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, белгісіз біреулер оның ұлын ұрып-соғып, қарумен қорқытып, 3 миллион теңге тұратын жылқысын көліктеріне тиеп алып кеткен.

Оқиға орнына шыққан жедел-тергеу тобының қызметкерлері күдікті адамдарды іздестіру және анықтау бойынша қажетті іс-шараларды атқарды. Осылайша жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде, Түркістан облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері осы қылмысты жасаған Түлкібас ауданының үш тұрғынын ұстады. Олардың бірі ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушысы. Айғақты зат ретінде алынған мал заңды иесіне қайтарылды.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 389-бабының 3-бөлігі «Өзінше билік ету» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.