Шымкент қаласы лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық істердің тіркелуі бойынша антирейтингте көш бастап тұр. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментіне ең көп шағым білім беру саласына қатысты түскен. Мамандар зерделеу жұмысының үздіксіз жүргізіліп жатқанын айтады. Ал сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықты хабарлаған тұрғындарға сыйақы беріледі.
Шымкент кейінгі бес жылдықта лауазымды тұлғалардың қылмыстық істері бойынша көш бастап тұр. Ал тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымның басым бөлігі білім беру, мәдениет салаларына қатысты. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаменті мәлемдеді. Сондай-ақ, транспорт басқармасына қатысты да бірнеше қылмыстық іс тіркелген.
Дәурен Ерғарин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қалалық департаментінің бастығы: «Сандық көрсеткішке келер болсақ соңғы 5-6 жылдықта Шымкент департаменті антилидер болып табылады. Себебі ең көп қылмыстық жауапкершілікке тартылған лауазымды тұлғалар саны ең көп болып танылады. Қылмыстық істер саны ең көп Шымкент департаментіне келіп отыр. Сол себепті біз лауаызмды тұлғаларды шығарып жатырмыз, қылмыстық істерді тіркеп жатырмыз, бірақ қылмыстық істер азайған жоқ».
Ал пара алу мәселесі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарына қала тұрғындары көмек көрсетіп келеді. Мамандардың айтуынша, шымкенттіктер пара алу туралы хабар беруде белсенділік танытып келеді әрі ол үшін қаржылай сыйақы алады. Ведомство мәліметіне сүйенсек, бүгінде 7 қала тұрғыны бір жарым миллион теңгеден астам қаржыға ие болған. Сала мамандары қала тұрғындары арыздарының нәтижесінде Шымкентте бірқатар сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтың жолы кесілгенін айтады.
Дәурен Ерғарин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қалалық департаментінің бастығы: «Сыйақының мөлшері пара сомасына байланысты болады. Әрине, ақпарат берген адамдардың деректері жария етілмейді. Бірақ, бізде арнайы бағдарлама бар, егер адам хабар берген жағдайда, ол ақпарат расталса, біз оларға конфедициалды түрде яғни жасырын тәртіпте ақша төлей аламыз».
Айта кетейік, 2020 жылы Үкіметтің қаулысымен сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін адамдарға байланысты қағидаларға түзетулер енгізілген еді.
Егер тұрғын сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке қылмыс туралы хабарласа, онда ол айыптау үкімі шығарылғаннан кейін пара сомасының 10% -ын ала алады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес мамандары шенеуніктер тарапынан ақша бопсалауға, ұрлауға, немесе қызметін асыра пайдалануға тап болған кез келген азамат 1424 нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін CaII-орталыққа жүгіне алатынын еске салады.