Түркістан декларациясы қабылданды

Орта Азия елдерінің І парламентаралық форумында Түркістан Декларациясы қабылданды. 9-10 ақпан күндері Түркістан қаласында Орталық Азия мемлекеттерінің алғашқы парламентаралық форумы өтті. Бірінші рет ұйымдастырылып отырған іс-шараға 5 елдің Парламент Палаталарының делегациялары қатысты. Ауқымды форумның екінші күнінде парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттары мен біртұтас рухани-мәдени кеңістікті дамытудың өзекті мәселелері талқыланды. 

5 ел арасындағы саяси ахуал, сауда-экономикалық байланыс және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту. Тұңғыш рет өткізіліп отырған Парламентаралық форумда Орта Азия елдерінің өзекті мәселелері мен оларды шешу жолдары қарастырылды. Орталық Азияның біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыруға арналған маңызды перспективалар жиында қабылданған Түркістан декларациясында көрініс тапты.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Орталық Азия елдері арасында өзекті мәселелер бар. Бірінші кезекте Қазақстан тарапын толғандыратын үлкен мәселе – су мәселесі. Біздің Қазақстан трансшекаралық өзендердің барлығының бастауын осы өзге мемлекеттерден алады. Сондықтан да су мәселесі, сонымен қатар, Арал апатты аймағы және содан шығатын денсаулыққа қатысты үлкен мәселелер де қарастырылып, болашақта өтетін жиындарда бір арналы бағытқа түсуі – осы бүгінгі форум соның бастамасы болып отыр».

Алқалы жиынға кіріспес бұрын, Сенат спикері Мәулен Әшімбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Форумға қатысушыларға арналған Үндеуін оқып берді.

«Қазіргі таңда біздің елдеріміз үшін экономикалық кооперацияны дәйекті түрде дамытудың мәні зор. Бұл ретте өңірлік және шекара маңындағы сауда-саттықты арттыруға, көлік-транзиттік саладағы серіктестікті дамытуға, жаңа бірлескен жобаларды қолға алуға баса мән берген абзал. Орталық Азияның ортақ рухани мұрасын сақтау және біртұтас мәдени-тарихи кеңістігін қалыптастыру үшін гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа қарқынмен жандандыру маңызды»,-делінген ҚР Президенті үндеуінде. 

Заң шығару органдарының өкілдері бас қосқан ауқымды форумда парламентаралық қатынастарды кеңейтудің басым бағыттары және Орталық Азия елдерінің өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды. Форум аясында Сенат Төрағасы ынтымақтастықтың негізгі 5 бағытына тоқталып өтті. Көтерілген мәселелер қатарында Арал теңізінің апатты жағдайы мен одан төнетін қауіп те бар.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы: “Елдер арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты – шекара маңындағы аудандарда сауда-экономикалық және логистикалық хабтар желісін дамыту. Бұл – сауданы дамытудың және Орталық Азиядағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың тірек нүктелеріне айналуы мүмкін. Сонымен қатар, Парламентшілердің күш-жігерін Орталық Азия өңірі үшін ортақ су проблемасына жұмылдыруды ұсынамыз. Кейінгі жылдары біз Аралдың проблемалары бойынша өзбек әріптестерімен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Дегенмен, Арал теңізінің апаты тек Қазақстан мен Өзбекстан үшін ғана қауіпті емес. Бұл Орталық Азия аймағының барлық елдеріне әсер етеді.
Сондықтан басқа елдердің парламентшілерін біздің бірлескен жұмысымызға қосылуға шақырамыз”.

Жиынға жалпы 5 елден, атап айтқанда, Қазақстаннан бөлек өзбек, қырғыз, түркімен және тәжік елдерінің делегациялары қатысты. Қырғызстан Республикасы «Ынтымақ» депутаттық фракциясының жетекшісі Марлен Маматалиев бүгінгі форумда екі ел арасында шекарада орын алатын проблемаларды көтеріп, құрылыс саласында бірқатар ұсыныстар айтты.

Марлен Маматалиев, Қырғызстан Республикасы Жогорку Кенеші «Ынтымақ» депутаттық фракциясының жетекшісі: «Біз құрылыс саласына қатысты бірқатар мәселені көтеріп отырмыз. Орталық Азия елдерін бірлескен жобаларға қатысуға шақырамыз. Сонымен қатар, бүгін ГЭС салу жөнінде Қазақстанға ұсыныс жасамақпыз. Себебі, біз барлық бағыттың даму негізі электр энергиясы болатын ағымға келе жатырмыз деген ойдамыз. Сондай-ақ, Қазақстанмен Алматы-Шолпан Ата жолының құрылысына қатысты мәселені қарастырамыз. Бұл – мәдениет саласында да үлкен мүмкіндік беретін тікелей жол. Және Қазақстаннан қазір ортақ шекарада бар проблемаларды шешу жолдарын сұрамақпыз. Себебі, екі ел арасында ешқандай кедергі болмауы керек».

Алғаш рет өткізіліп отырған форумға депуттардан бөлек, түрлі сала мамандары мен елшілік қызметкерлері де қатысты. Форум аясында Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Орталық Азия елдері Парламенттері Палаталарының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Айта кетейік, келесі жылы Самарқанда екінші форумды өткізуге Өзбекстан Республикасы ниет білдіріп отыр.