Қазақстанда мәжіліс және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру жалғасуда. Жалпы республика бойынша 10 223 сайлау учаскесі құрылған. 62 шет мемлекетте 77 сайлау учаскесі жұмыс істейді.
Елдің басым бөлігінде сайлау учаскелері Астана уақытымен таңғы 07.00-де ашылды. Тек бес өңірде – Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында дауыс беру жергілікті уақытпен таңғы сағат жетіде, елорда уақытымен таңғы сегізде басталады.
Кейбір өңірлерде аумақтық комиссиялардың шешімімен дауыс беру жергілікті уақытпен таңғы 06.00-де басталып кетті.
Сайлауға кімдер түседі
Биыл парламенттік сайлау алғаш рет аралас жүйе бойынша өтеді. Мәжілістің 69 депутаты партиялық тізім бойынша, 29-ы бір мандатты округтер бойынша сайланады.
Мәжіліс депутаты мандатына 7 саяси партия таласады:
Amanat партиясы
«Ауыл» партиясы
Respublika партиясы
Қазақстан халық партиясы
«Байтақ» жасылдар партиясы
«Ақ жол» партиясы
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы.
Бұдан бөлек, бюллетеньге «Бәрімін қарсымын» тармағы қосылған.
Сайлаушыларға бес бюллетень беріледі
Парламенттік сайлауда 12 миллионнан астам қазақстандық дауыс беруге құқылы.
Биылғы сайлаудың жөні бөлек. Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау бір уақытта өтетіндіктен, сайлаушыларға бес түрлі бюллетень беріледі.
Астана, Алматы және Шымкент тұрғындарына аудандық мәслихат болмағандықтан 4 бюллетень ұсынылады. Ал қалған облыстарда сайлаушылар бес бюллетень алады.
Бюллетеньдердің түсі де әртүрлі:
көгілдір – мәжілістегі партияға дауыс беру үшін;
жасыл – мәжілістегі бір мандатты депутатқа дауыс беру үшін;
күлгін – партиялық тізімдер бойынша облыс немесе қала мәслихатының депутаттарына дауыс беру үшін;
қызғылт сары – бір мандатты округтер бойынша қала немесе облыс мәслихатының депутаттарына дауыс беру үшін;
сұр түсті бюллетень – қала немесе аудан мәслихатының депутаттарына дауыс беру үшін.
Дауыс беру жергілікті уақытпен кешкі 20.00-ге дейін жалғасады. Осыдан кейін дауыстарды санау басталады. Дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап 12 сағаттан аспауға тиіс.
Цифрлық куәлік жарамды
Сайлау учаскесіне келген сайлаушылар бюллетеньді алу үшін жеке куәлігін көрсетеді. Азаматтарға цифрлық құжатпен де дауыс беруге рұқсат етіліп отыр.
Электронды жеке куәлікті eGov mobile қосымшасынан, сондай-ақ банктердің мобильді қосымшаларынан көрсетуге болады.
Әрбір сайлаушы бюллетеньді алғаны туралы сайлаушылар тiзiміне қол қояды.