Úı ANONS «Жалғызбасты ана» ұғымы енді жоқ

«Жалғызбасты ана» ұғымы енді жоқ

Жалғызбасты жандар енді жұмыстан шығарылмайды. Мәжілістегі депутаттардың ұсынысы бойынша еңбек заңнамасына маңызды өзгерістер енгізу көзделіп отыр. Нақтырақ  айтқанда, жұмыс берушінің бастамасымен жалғызбасты ата-аналармен еңбек шартын бұзуға тыйым салу ұсынылды. Бұл норма балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған азаматтардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған.

Тағдырдың тауқыметін арқалап, бала-шағасын жалғыз бағып жүрген жандар үшін жағымды жаңалық. Енді жалғызбасты ата-аналар жұмыстан шығарылмайды. Егер, депутаттардың ұсынысы қолданысқа енгізілсе, нұр-нұр үстіне нұр болмақ. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында мәлім болды.

Депутаттардың ұсынысы бойынша жұмыс берушінің бастамасымен жалғызбасты ата-аналарға  қатысты яғни, (жынысына қарамастан) еңбек шартын бұзуға тыйым салынады. Осыған байланысты «жалғызбасты аналар» ұғымы «жалғызбасты ата-ана» деп өзгертіледі.

ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Мұндай түзету әкелердің де тең құқыққа ие болуын қамтамасыз етіп, отбасы мен баланы қолдау тетіктерін күшейтуді мақсат етеді.  Десе де, арқаны кеңге салып, еңбек нормаларын бұзуға да болмас. Ал, қала тұрғындары мұндай шешім қолданысқа енгізілгені дұрыс деп санайды.

«Жасы жетсе, ертерек пенсияға шығарса, демалса жақсы. Жас болса, өздері істейді ғой. Болмаса, оларға жақсы ақша төлесін. Балаларға қарап отырсын. Жалғызбастыларға қиын ғой. Балалаға тәрбие керек».

«Иә, шығармау керек. Егер бір рет, екі рет қателік жасаса, шығару керек».

«Үкімет қалай айтса, солай болады да. Заңға бағынамыз».

Сонымен қатар, Мәжіліс депутаттары бастамашылық еткен қауіпсіз еңбек жағдайларын жетілдіру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады.

Айта кету керек, аталған түзетулер 2025 жылғы 19 қазанда бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Нұргүл Жолымбетова