Шетелдік көліктерді техникалық паспортсыз заңдастыру туралы үкімет қаулысын әзірледі

102

Ішкі істер министрлігі өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға кірген шетелдік көліктерді техникалық паспортсыз заңдастыру туралы үкімет қаулысын әзірледі.

Құжаттың жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Оған сәйкес, автобөлшек ретінде кіргізілген, яғни техникалық паспорты жоқ шетелдік көліктер екі құжатпен заңдастырудан өтеді. Олар:

өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжат;

көлік құралына меншік құқығын растайтын құжат.
Бұдан бөлек, «конструктор» көліктерге қатысты талаптар да көрсетілген.
«Көлік құралы кедендік тазартудан өткені туралы мәлімет болмаған жағдайда және егер көлік құралы іздеуде болмаса, бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 000 теңге мөлшерінде алым төленеді», – делінген құжатта.
Осы санаттағы көліктер бойынша бірнеше құжат тапсыру керек. Олар:
1) өтініш берушінің көлік құралын сатып алу мән-жайлары көрсетілетін өтініші;
2) ішкі істер органдарының уәкілетті қызметкері берген көлік құралын қарап тексеру актісі;
3) техникалық байқаудың диагностикалық картасы негізінде қолдануға жол беріледі.
«Конструктор» көліктерді заңдастырғаннан кейін Қазақстан аумағында ғана пайдалануға болады. Мұндай көлік құралдарына қатысты меншік құқығын өзгертуге рұқсат жоқ. Сондықтан көлікті тіркеу туралы куәлікте «Меншік құқығын өзгертуге тыйым салу, тек Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануға рұқсат етіледі» деген жазба болады.