Келес ауданынан қарасты Бірлік ауылдық округінің шаруалары бүгінде уақ малдың басын көбейту жолында еңбектенуде. Соның бірі – Сапарбек Тастанов. Жеті атасынан бері қой бағуды кәсіп еткен шаруа өз балаларын да аталған шаруашылықтың қыр-сырын үйретуде. «Сапарбек-А» өндірістік коопертивінің төрағасы бүгінде 400 гектардан астам аумаққа 2000-ға жуық қойларын бағуда.
— Жеті атамыздан бері осы қой өсіріп, қара қазанымызды қайнатып келеміз. Дәуренбек деген арғы атам болған екен. Сол заманда Қараман қарақшы деген атпен танылған азамат өз адамдарын қойып, атамыздың малын тартып алуға бекінген көрінді. Содан жолын бірнеше рет аңдыған қарақшылар атамыздың қойын қолға түсіре алмай дал болған екен. Бір күні мал базар аумағындағы Дәуренбек атама Қараман қарақшының өзі келіп, қойларын қалай айдап өткенін сұраған. Сонда атам мұның ешқандай сыры жоқ екенінін күнделікті жолы арқылы базарға айдап өткенін айтқанда, Қараман қарақшы «бұл бір Құдайдың көзі түскен адам» екен деп, содан арғы атамды жайына қалдырған екен. Сол атамыздың жолын қуып бүгінде осы аумақта қойларымызды бағып, көбейтудеміз, — дейді Сапабек Асқарбекұлы.
Шаруа өз ісінің кәсіпқойлығының нәтижесінде отар қойлар арасынан өз қойын мүлтіксіз танимын дейді. Бұрындары қойды атпен баққан келестіктер бүгінде темір тұлпармен жайып жүр.
Бұл әрекетті шаруа уақыт үнемдеумен қатар жұмысты ыңғайлы атқаруға өз септігін тигізетіндігімен түсіндірді. Әке кәсібін дамытуды қолға алған Сапарбек Тастановтың ұлы Мырзабек Тастанов уақ малды көбейтуде жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отыр. Ол өз шаруашылығына мал азығын дайындайтын құрылғыны енгізіп, жемге кететін қаржыны үнемдемек.