Мал бруцеллезі жаппай тарап жатыр

155

 Батыс Қазақстан облысында мал бруцеллезі жаппай тарап жатыр. Қазіргі күні 991 мүйізді ірі қара осы індетке шалдыққан, деп хабарлайды облыстық ветеринария басқармасы.

Батыс Қазақстан облысы бойынша биыл бруцеллезге 782,5 мың бас мүйізді ірі қара мен 1 337,2 мың бас ұсақ малға қан сынамаларын зерттеу жоспарланған.
«Бүгінгі таңда мүйізді ірі қара бруцеллезіне 136,1 мың бас зерттеліп, оның 991 басы оң нәтиже көрсетті. Облыста бруцеллезбен зақымдану 0,7% құрайды. 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда зақымдану пайызы 0,2% төмендеді. Ал ұсақ мал бруцеллезіне 22 мың бас зерттеліп, оның 22 басы оң нәтиже көрсетті, 0,2% зақымданған», — деп мәлімдеді облыстық ветеринария басқармасы.
Бруцеллез ауруына шалдыққан барлық ауыл шаруашылығы жануарлары сойылып жатыр. Ауруға шалдыққан жануарлар ұсталған 84 қолайсыз қора-жайлар дезинфекцияланды. Десе де, басқарма бруцеллез індеті едәуір азайды дейді.
«Соңғы 5 жыл ішінде Батыс Қазақстан облысының мүйізді ірі қара бруцеллезімен зақымдануы 0,6%-ға төмендеп отыр. 2017 жылы 9 мың бас ірі қара бруцеллезге оң нәтиже көрсетсе, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 5 мың бас бруцеллезге шалдыққан. Екі есеге жуық азайды», — дейді ведомстводағылар.
Батыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері облыс бойынша 9 адам бруцеллезбен ауырған, оның ішінде 4 адам Ақжайық ауданында, 5 адам Шыңғырлау ауданында.
Ақжайық ауданында биылғы үш айда бруцеллезге 21,8 мың бас мүйізді ірі қара зерттелді, малдың 0,3%-ы оң нәтиже көрсетті. Ал Шыңғырлау ауданында 8,9 мың бас мал зерттеліп, 0,7%-ы осы індетке шалдыққаны анықталды.