Санитарлық талап сақталмаған дәмхана видеосы халық арасында резонанс тудырып, әлеуметтік желіде талқыға түсті. Видео авторы ас дайындайтын орында тазалық мүлде сақталмағанын айтып дабыл қағады. Әрі бұл Түркістан облысы, Сайрам ауданында орналасқан дәмхана екенін жеткізіп, халықты сақ болуға шақырады.
Бұл жағдайға қатысты Сайрам аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, кәсіпкерге ҚР ӘҚБтК-нің 425-бап 1-бөлігіне сәйкес, 230 АЕК көлемінде, яғни 793 500 теңге айыппұл салынды. Сондай-ақ 17 сәуірге дейін кемшіліктерді жою туралы ұйғарым берілді. Егер уақытында орындалмаса, іс сотқа жолданады.
Ардақ Берденова, Түркістан облысының СЭБД баспасөз хатшысы: «Тексеру нәтижесінде дәмханада жуу, жинау және дезинфекция жұмыстарының сапасыз жүргізілгендігі, тамақтану залындағы желдету жүйесінің жалюзді торларының жуылмағандығы, шайындыларды микробиологиялық зерттеу нәтижесінде 20 сынамадан 2 ішек таяқшалар тобының бактериясы анықталған. Сондай-ақ, тағам дайындауда пайдаланатын ет және ет өнімдері, макорон, ұн, өсімдік майының сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары болмаған».