Шымкентте 38 азамат қайтарымсыз грантты мақсатсыз пайдаланған

Шымкентте бүгінге дейін 38 азамат мемлекет қаржысын, яғни қайтарымсыз грантты мақсатсыз пайдаланған. Қазір бөлінген қаржыны бюджетке қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы үшінші мегаполисте жылына шамамен 40-қа жуық қайтарымсыз грант бөлінеді. Ал биылғы конкурс мамыр айында жарияланады деп жоспарланып отыр. 

5 млн. теңгеге дейін берілетін мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға ниет білдіргендер саны жыл сайын артып келеді. Дегенмен, оған қол жеткізгеннен кейін мақсатсыз пайдаланатындар да аз емес дейді мамандар. Бүгінге дейін 170 азаматқа грант берілсе, оның 38-і қаржыны мақсатсыз пайдаланған. Қазіргі таңда олар бойынша тиісті орындарға талап-арыз жолданып, қаражатты бюджетке қайтару мәселесі қаралып жатыр.

Үсен Исаев, Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы: «Жан-жақты «Даму» қоры мониторинг жүргізетін мекеме. Мониторингтың нәтижесінде, бізге ұсынылған 38 кәсіпкерге қатысты кері қайтару мәселесі жүргізілді. Қазір ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Одан бөлек құқық қорғау орындарымен бірлесіп, сыбайлас іс-әрекеттің алдын алу бойынша тиісті шаралар бекітіліп, тоқсан сайын оған талдау жүргізіледі».

Дегенмен мемлекеттің қаржысын тиімді пайдаланып, кәсібін кеңейтіп отырған бизнес иелері де жоқ емес. Мысалы, Шымкентте өсімдіктерді, тыңайтқыштар мен тұқымдарды қорғау құралдарын шығаратын компания жұмыс істейді. Мекеме бүгінгі таңда Қазақстанның барлық қалалары мен ТМД елдеріне тауар жеткізумен айналысады. Алғашында өнімді шетелден импорттап сатқан кәсіп иесі, мегаполисте осы бағыттағы алғашқы компанияны ашуға осы жолда кездескен түрлі қиындықтар себеп болды дейді.

Қуаныш Исат, сату бөлімінің басшысы: «Бұл пайдалы энтомофагтар. Бұл тірі жәндіктер, өсімдіктердегі зиянкестерге қарсы тұрады. Яғни, біз таза, химиясыз, биологиялық таза өнім аламыз. Сұранысқа ие, хайтек жылыжайлар химиясыз, биологиялық таза өнім алғысы келеді. Мысалы, ішінде 50 мың дана болады, тірі жәндік – энтомофаг деп аталады. Бұл жерге датасы жазылады, мына жерге кірсе бүкіл ақпаратты алады осы энтомофактар туралы. Ол әртүрлі ыдыста болады 125 мың, 50 мың, санына қарай».

Ауылшаруашылық нарығында дамып келе жатқан компания өткен жылы мемлекеттен қайтарымсыз 5 млн теңгенің грантын жеңіп алып, қосымша өндіріске қажетті тауарларды сатып алған. Бүгінде шығарылып жатқан өнімдерді Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанға экспорттауға дайындап жатыр. Кәсіп иелері сұраныстың ай сайын артып келетінін, соған байланысты шығатын энтомофагтарды да көбейтіп жатқанын айтады.

Мұхаммадали Артукходжаев, кәсіпкер: «Қазір біз энтомофагтар шығарып жатырмыз. Биозащита, өсімдікті өсіру үшін стимуляторлар шығарып жатырмыз, үлкен-үлкен проекттарымыз бар. Біз Қазақстанға сырттан келіп жатқан заттарды осы жерде шығарсақ деген оймен бастадық. Ал қазір жэкспортқа реестрға қосып жатыр бізді ауылшаруашылығы министрлігі».

Шымкентте жыл сайын шамамен 30-40 қайтарымсыз грант бөлінеді. Ал 5 млн. теңгеге дейінгі мемлекеттік грант алуға арналған конкурс мамыр айында өтеді деп жоспарланып отыр.