Шымкентте ВИЧ жұқтырған 646 әйел өмірге дені сау ұрпақ әкелген

158

Шымкентте ВИЧ жұқтырған 646 әйел өмірге дені сау ұрпақ әкелген.  Бұл туралы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық мамандары мәлімдеді. Сала жауаптылардың сөзінше, инфекция жұқтырған аналар мен балалар қоғамға қауіпті емес.  Солардың бірі — індетті экс-сүйіктісінен жұқтырған Наташа есімді әйел.

Аты жаман ауруды жұқтырған Наташа қазір отбасылы, екі баласы бар. Қауіпті дертті келіншек экс-ғашығынан жыныстық қатынас арқылы жұқтырып алған. Диагнозын алғаш естігенде емделуден бас тартыпты. Тек денсаулық жағдайы күрт нашарлаған кезінде дәрігерлерге келіп, амалсыз індетке шалдыққанын мойындап, ем алуға келісім берген. ВИЧ-пен өмір сүрген әйел  тұрмысқа шығып,  дені сау баланы дүниге әкелген.

«ВИЧ жұқтырғандар да өзгелер сынды бақытты болып, отбасын құра алады. Солардың бірі — мен. Тұрмысқа шығарымда күйеуіме ВИЧ инфекция жұқтырғанымды ашық айттым.  Жолдасым барлығына көз жұма қарап,  менімен отбасылы болуға  қарсылық танытпады. Қазір екі бала-шағамыз бар»,-деді 2 баланың анасы.

Жалпы Шымкентте бұл дертті жұқтырған 646 әйел босанған. Орталықта тіркеуде тұратын азаматшалардың барлығы дені сау сәбиді дүниеге әкелген.  ВИЧ инфекциясын жұқтырған аналардың балаларын дәрігерлер бір жылдан кейін ғана есептен шығарып,  диагноз қояды. Салаға жауаптылардың сөзінше, ВИЧ-ке шалдыққандардың басым бөлігі  дертті жыныстық қатынас арқылы жұқтырған. Өкініштісі, инфекция жұқтырғандар ауруын мойындамай, ем жасауға қарсылық танытады екен. Алайда мамандар АИТВ инфекциясын жұқтырғандар дер кезінде ем алса, өмір сүру ұзақтығы  дені сау адаммен бірдей болады деп отыр.

«АИТВ адам ағзасын әр түрлі инфекциядан қорғайтын иммунды жүйені зақымдайды. Біз  АИТВ инфекциясын емдеуде  ДДҰ ұсынған хаттамаларды қолданамыз. Бұл дертке шалдыққан адамның өмірін дәрі беру арқылы ұзартуға болады. Егер дәрі ішіп, уақытылы ем алса, өмір ұзақтығы табиғи сау адаммен бірдей болуы мүмкін. Сондай-ақ  олар дүниеге дені сау бала әкеле алады»,-деді Шымкент қалалық ЖИТС-тіің алдын алу және онымен күрес жөніндегі орталық бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов. Айта кетейік, АИТВ инфекциясы бар азаматтарға ЖИТС орталықтарында емдеу жұмыстары тегін жүргізіледі.