Сарыағаш ауданында ішімдік ішкен ер адам ауылдасының көлігін өртеп жіберген. Күдікті ұсталды. Ол мұндай әрекетке не үшін барғанын полицейлерге айтып берген.
Жәбірленушінің айтуынша, ауылдасы күндізгі уақытта үйінің алдында тұрған «ВАЗ» маркалы автокөлігін алдымен заңсыз айдап кеткен. Кейін оны өртеген. Келтірілген шығын – 1,5 млн теңге.
Жәбірленушінің арызы Қылмыстық кодекстің 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқықтыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркелді.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, көп ұзамай күдікті ұсталды. Белгілі болғандай, ішімдік ішкен ер кісіге ауылдасымен бұған дейін араздасып қалғаны есіне түскен. Мас халде болған ол көлікті ұрлап кеткен. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.