Қаралы қаңтар оқиғасына қатысты 11 ҰҚК қызметкері жауапқа тартылып жатыр

38

ҚР Парламенті мәжілісінің отырысында Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жоба бірінші оқылымда мақұлданды. Заңнамада әр қызметкер іс-әрекетінің белгілі бір алгоритмі мен патриотизмді тәрбиелеуге бағытталған тиісті түзетулер енгізу көзделген. Сонымен қатар жиында қаңтар оқиғасына қатысты да деректер айтылды.

Қаралы қаңтар оқиғасына қатысты 11 ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері жауапқа тартылып жатыр. Бұл туралы мәжіліс отырысында ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев мәлімдеді. Айтуынша, қазір кейбір қылмыстық істер бойынша тергеу аяқталған. Ал комитет тарапынан қызметтік тексеріс жүргізілген. Алдағы уақытта осыған байланысты заңнамаға тиісті өзгерту енгізу жоспарланып отыр.

Марат Қалқабаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
«Кейбір істер бойынша тергеу аяқталды, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл қылмыстық қудалауға қатысты. Сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік комитеті Қаңтар оқиғалары бойынша үлкен кешенді қызметтік тергеу жүргізді, оған сәйкес бұйрық талаптары мен қызмет өткеру тәртібіне айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Мұнымен қоса, бүгін талқыланып жатқан заң жобасында әр қызметкер іс-әрекетінің белгілі бір алгоритмі мен патриотизмді тәрбиелеуге бағытталған тиісті түзетулер көзделген».

Жалпы бүгін мәжіліс отырысында «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Депутаттар құжатты бірінші оқылымда мақұлдады.

Айгүл Құспан, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты: «Заң жобасының мақсаты – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Заң жобасында түзетулер 2 кодекске және 11 заңға енгізіледі. Атап айтқанда, қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарын стратегиялық объектілерге жатқызу және қорғаныс пен қауіпсіздік мұқтажы үшін тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бермеуге ықпал ететін нормаларды енгізу көзделеді»

ҰҚК төрағасының орынбасары мәжілісте депутаттардың сауалына да жауап берді. Мәжілісмен Магеррам Магеррамов жақында академияда қаза болған курсанттың өліміне қатысты сұрақ қойды. Ал Марат Қалқабаев бұл іс бойынша қызметтік тексеріс жүргізілгенін және оған құмар ойын себеп болғанын мойындады.

Марат Қалқабев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
«Біз бұл дерек бойынша қызметтік тексеру жүргіздік. Ұлттық қауіпсіздік органдарына қызметке және оқуға қабылдау кезінде үміткерлер жан-жақты, оның ішінде «шындық детекторы» арқылы психологиялық тексеруден өтеді. Бұдан кейін академиядағы қызметкерлерге қатысты тиісті мониторинг жүргізіледі, бізде арнайы психологиялық және кадр қызметі бар. Сонымен қатар, ішкі қауіпсіздік департаменті де қызмет атқарып жатыр. Құмар ойынының салдары (академияда) бізде де байқалып отыр. Бұл Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясының тарихындағы жалғыз жағдай. Ең бастысы, адамның құмар ойындарға бет бұра бастағанын бастапқыдан анықтау керек. Осы бағытта тиісті іс-шаралар жүзеге асырылады».

Ал Кәрім Мәсімовтің жағдайына қатысты деректер жарияланбайды. Марат Қалқабаевтың айтуынша, қылмыстық іс «өте құпия» санатына жатқызылған.