Үш жаңа облыстың құрылуына байланысты Қазақстанның жаңа картасы әзірленді. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов мәлімдеді. Орталық коммуникациялар қызметінде құрамында жаңа құрылған облыстары бар Қазақстанның әкімшілік-саяси картасы таныстырылды.
«Былтыр президенттің жарлығымен үш жаңа облыс – Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары құрылды. Осыған сәйкес үкімет іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Ондағы тармақтардың бірі – Қазақстан Республикасының саяси картасын және жаңа облыстардың тақырыптық картасын өзектендіру болды», — дейді Тұрысов.
Айтуынша, министрлік қызметкерлері үлкен жұмыс атқарып, 1:1 500 000 масштабымен Қазақстанның әкімшілік-саяси картасын жасап шығарды.
Сондай-ақ Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының картасы жаңартылды және 1 млн масштабпен Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының карталары әзірленді. Бұған қоса, 1:25 000 масштабпен Қарағанды, Семей, Өскемен, ал 1:10 000 масштабпен Қонаев, Жезқазған, Талдықорған қалаларының жоспар-сызбасы жаңартылды және жасалды.
Осы орайда журналистер Қазақстанның жаңа картасын жасауға қанша ақша кеткенін сұрады.
«Қазақстанның саяси-әкімшілік картасы мен алты облыстың картасын жасауға, облыс орталықтарының жоспар-сызбасын әзірлеуге 56 млн теңге жұмсалды. Соның ішінде Қазақстан картасының өзіне 10 млн теңге кетті. Жалпы республикалық бюджеттен 56 млн теңге жұмсалды», — деп жауап берді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі геодезия және картография комитетінің төрағасы Қажымұқан Бекмұқашев.