«Рэкетизм»: Кәсіпкерден ай сайын 1 млн. теңге беріп тұруды талап еткен

128

«Кәсіпкерлерге тыныштық жоқ». Белгілі заңгер Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі парақшасында осылай деп дабыл көтерді.

Адал еңбек, маңдай термен кәсібін ашып жүргізіп отырған азаматтан ай сайын 1 миллион теңге талап еткен топтың қаскөйлік әрекетінен видео дәлел жариялады. Айтуынша, дәмхана, мейрамхана және дүкені бар кәсіпкерді жергілікті жігіттер бопсалап келген. Рэкетсымақтар ай сайын тұрақты түрде ақша беріп тұруды талап еткен. Айтқандарын істеп, айдауына жүре қоймаған кәсіпкердің отбасына дейін қоқан -лоққы көрсеткен. Дайын асқа тік қасық болып, оңай олжаға кенелмек болғандар кәсіпкер мен оның жұмысшысын бірнеше рет соққыға жыққан.

«Кәсіпкерлерге тыныштық жоқ!
Түркістан облысы Прокуратурасы жаңа басшысының назарына!
Кәсіпкерлерге тыныштық бермейтін “бандиттерден” бұл өңірді тазартуды сұраймын!
Президентіміз кәсіпкерлерді қолдауды, құқықтарының тапталмауын үнемі өз жолдауында айтып, қатаң ескертіп отырады.
Бізге сол 90 – жылдар қайтып келген бе? Айдың-күннің аманында “айына табысыңнан 1 миллион теңгеден тұрақты түрде беріп тұрасың!” деп талап ету – бұл не деген сұмдық? Барып тұрған заңсыздық қой!
Қарақшылар кәсіпкердің жеке меншігіне келіп ұрып-соғып, ақша талап етеді.
Бірақ Облыстық Прокуратура қарақшыларға емес, кәсіпкерге «адам өміріне оқталды» бабымен іс ашты дегенді қалай түсінейін?
Біздің елде кәсіп ашып қажеті жоқ!
Өзіңнің дүкеніңде тұрып таяқ жейсің, оны қорғасаң тағы басың бәлеге қалады!
Келген қарақышылардың арасында Шымкентте полиция да жұмыс істейтін қызметкер де бар екен.
“Бандиттер” мен құзырлы органдар бірлесіп отырып, істеп отырған кәсібіңнің быт-шытын шығарады», делінген жазбада.
Аталмыш оқиға Түркістан облысына қарасты Ордабасы ауданында болған.