Шымкентте қылқалам шеберлері ескі қабырғаларды өнер туындысына айналдырды

54

Шымкентте стрит-арт желісі бойынша жаңа муралдың таныстырылымы өтті. Алматыдан арнайы келген суретшілер көпқабатты үйлерді 8 күнде әрлеп шыққан. Жаңа композицияны дайындауға қалалық қылқалам шеберлері де үлес қосқан. Енді тұрғын үйлердің сұр қабырғасы нағыз өнер нысанына айналды. 

Шымкентке арнайы келген алматылық қылқалам шеберлері сұрықсыз қабырғаларды жарқын өнер туындысына айналдырды. Енді бірнеше локацияда бір композицияның бөліктерінен құралған түрлі туындылар бейнеленеді. Ал ерекше өнер нысанын жасап шығаруға суретшілер 8 күн қажет болғанын айтады.

Дмитрий DMN, суретші: «Біздің команда 2007 жылы құрылды. Әрине мен одан бұрын да осы бағытта жұмыс істеп жүрдім. Біздің мақсатымыз — бұрын сұраныста болып, қазір ұмыт бола бастаған граффити өнерін қайта жаңғырту. Біз мұндай композицияларды қаланың басты көшелеріне де салуды жоспарлап отырмыз. Және ең бастысы — кез келген туындымыз үшін тұрғындардан қолдау күтеміз. Әлеуметтік желілерге жүктеп, суреттерді жариялап танытуға қолдау көрсетсе екен дейміз».

Суретшілер барлық арт-нысандардың өзіндік мән- мағынасы бар екенін айтады. Ал бұл жоба Қарағанды қаласынан бастау алған. Ұйымдастырушылар енді басқа да аймақтарға шығуды жоспарлап отыр. Егер Шымкент қаласынан ұсыныс түсіп жатса, өзге де нысандарды әрлеуге дайынбыз дейді олар.

Ирина Харитонова, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы креативті туризм департаментінің директоры: «Бұл стрит-арт өнері арқылы креативті ландшафтты өзгерту. Біз жаңа ерекше дизайндар арқылы қаланың сырт келбетін өзгертуге болатынын көрсетеміз. Біздің Қарағанды, Астана қалаларында сәтті шыққан кейстарымыз бар, енді аудандарға да шығуды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – жыл соңына дейін осындай туындылардың санын көбейтіп, тұрғындардың стрит-арт өнеріне деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру. Ал кейін креаторлармен біріккен микроұйым құру ойымызда бар».

Азамат Халиков, суретші: «Бұл жұмыста бізге қиынға түскені – локация таңдау болды. Себебі – граффити кез келген жерге жараса бермейді. Дәл осы локацияны тапқанда қатты қуандық. Және ең бастысы, бұл жобаны бастағанда осы жақтың тұрғындары бізді қолдады. Тіпті, бояуларды сақтайтын орын, тауып беріп, су әкеліп беріп тұрды. Бұл біз үшін өте маңызды. Менің ойымша, бұл жер алдағы уақытта тұрғындар, әсіресе жастар бас қосатын ерекше мәні бар орынға айналады».

Қылқалам шеберлері жаңа композицияның туындауына тұрғындардың ерекше қолдау көрсеткенін атап өтті. Ал Түркістан көшесі 6 мекен жайында орналасқан арт-туынды қазірдің өзінде қала тұрғындары мен қонақтары қызыға тамашалайтын сүйікті орынға айналып үлгерді.