500 мың теңге айыппұлы бар жүргізуші жалған нөмір тағып көлік басқарған

33

Шымкентте жалған нөмір тағып, 500 мың теңгеге жуық айыппұлын төлемей жүрген азамат ұсталды. Қалалық полиция департаментінің қызметкерлері «Қорғау» қосымшасы арқылы жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққан «Ауди» маркалы автокөлікті анықтады.

Жүргізушінің құжатын тексеру кезінде, оның көлік басқаруға құқығы жоқ екені белгілі болды. Сонымен қатар, жол ережесін бұзғаны үшін 480 мың теңгеге жуық айппұл арқалаған. Әрі оны бүгінге дейін төлемей келген. Ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі және 612-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.

Заңнамаға сәйкес, көлік құралын біле тұра жалған нөмірмен басқарған азамат 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынып, бір жылға көлік басқару құқығынан айырылады. Ал көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адам 69 мың теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі: «Құқық бұзушы туралы ақпаратты полицейлердің қызметтік планшетінде орнатылған «Қорғау» бағдарламасы берді. Қосымша арқылы патрульдік полицейлер автомобильдің Республика даңғылында яғни, автоэкипажға жақын маңда жүргені туралы сигнал алды. Осылайша «Қорғау» қосымшасы тәртіп сақшыларына мегаполис жолдарында жол ережесін қасақана бұзушыларды анықтауға көмектесіп келеді. Бұл бағдарлама бірінші кезекте жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғанын ерекше атап өткен жөн».