Дәрігер: «Ыстық ауа-райы жүрек қан тамыры аурулары бар адамдар үшін аса қауіпті»

89

Шымкенттік кардиологтар аптап ыстықта жүрегі ауыратын науқастарға далаға шықпаған жөн дейді. Себебі ыстық ауа-райы жүрек қан тамыры аурулары бар және инфаркт, инсульт алған адамдар үшін аса қауіпті. Күн ысығанда, адам терлегенде оның қаны қоюланады. Салдарынан жүректе тромб пайда болып, қан қысымы көтерілуі мүмкін.

«Маусым айындағы ыстық денсаулығыма кері әсерін тигізді» деген Жантемір Аманбаев қазір қалалық кардиологиялық ауруханасына жедел жәрдеммен жеткізілген. 74 жастағы қария күннің астында ұзақ уақыт жүрмесе де жүрегі сыр бергенін айтады.

Жантемір Аманбаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Басым айналып, жүрегім ауырып, жүрегімді ұрып, мынау кеуде тұсым ашып, сонымен мінекей емханаға келіп отырмын. Емханаға келіп емханадан осы жаққа жіберді. Соғып тұрған тиылды, содан кейін ауа жетпей қалды. Қан анализін алып жатыр, біреуін алды ол жақсы болды, дәрісін салып кеткен. Содан ЭКГ-ның нәтижесі жақсы болып жатыр».

Ал кардиолог маман Мадина Отызбаева бүгінде жүрек қан тамыры аурулары жас талғамайтынын айтады. Экология, психикалық жүйке жүйесі, депрессия мен зиянды әдеттер жүрек ауруларының пайда болуына әкеледі дейді. Сондықтан ыстық күнде жүрегіңіз мазалап, қиналған сәтте бірден дәрігердің көмегіне жүгінген абзал дейді.

Мадина Отызбаева, дәрігер — кардиолог: «Жүрек қан тамырлары осындай күн ыстық кезде көбінесе өршиді. Әсіресе кімнің  қан қысымы көтерілімі болуы мүмкін, жүректің соғып кетуі қатты ыстық кезде, аяқтың ісініп кетуі мүмкін. Сол күн ыстық кезде 11-10 арасы, одан кейін 16:00-ден кейінгі уақытта сол кезде шығуға болады деп айтамыз».

Бұдан бөлек тәжірибелі мамандар жүрегінде ақауы бар науқастарға ауа температурасы көтерілген уақытта физикалық жұмысқа араласпауға шақырады. Сонымен қатар майлы, ащы тамақтардан бас тартып, тәулігіне 1,5-2 литр су ішіп, зиянды әдеттерден арылуға кеңес береді.