Қоғалы ауылдық округінде ішімдік сатылмайды

255

Төлеби ауданы Қоғалы ауылдық округі ішімдік пен темекі сатудан бас тартқан. Және бұл ауылда тәртіпсіздікке де жол жоқ. Себебі ақсақалдар алқасы аймақ тұрғындарына арнап жазылмаған ереже енгізген.

Төлеби ауданы Қоғалы ауылдық округінде ішімдік сатылмайды. Ондағы мақсаты — ауыл жастарын салауатты өмір салтына бейімдеу. Ұзынарық елді мекеніндегі шағын дүкенде тіпті темекі де сатылмайды. Дүкен иесі болса бұл дәстүр атадан балаға жалғасып келе жатыр дейді.


Нұртөре Нұржамал, Ұзынарық ауылының тұрғыны: «Дүкенді 2010 жылы атам ашқан. Содан бері өзіміз жүргізіп келе жатырмыз. Күнделікті тұрмысқа керек заттарды сатамыз. Ал арақ, темекіні мүлде сатпаймыз. Тек керекті нан, су сияқты заттарды ғана сатамыз».

Ауылдағы ақсақалдар алқасы шешімімен тәртіпсіздікке бой алдырғандарға айыппұл салынады. Оған себеп көрші ауылдың тұрғындары барымташылықпен осы ауыл азаматтарына тиесілі қойларды алып кеткен.

Мұраталы Жарасов, ақсақалдар алқасының төрағасы: «Қандай тәртіпсіздік болса да ортаға салып шешеміз. Кімге айтсақ мәселе шешіледі соны қараймыз. Ел болған соң кішкене-кішкене бұзықтық болады ғой. Сондай кезде сөзі өтетін жақынына «түзу жолға сал» деп айтамыз. 3-4 жігіт келіп, біреудің 19 қойын алып кеткен. Сол қойды кейін іздеп тауып, орнына келтірдік. Қайта жасамасын деп бәріміз жиналып, 1 млн теңге айыппұл салдық. Түскен ақшаға мешіттің жанына құран оқытатын бастырма салдық».


Ал бұл ауылда ажырасқандар атымен жоқ дейді ауыл биі. Өнегелі елдімекен осындай игі істер арқылы Төлеби ауданында ең үздік ауыл атанған. Нәтижесінде әкімдік 12 млн теңге бөліп, балалар ойын алаңшасын салып беріпті.