Жетісай ауданында 2 ауылдың оқушылары бала көп болса да көрші ауылға барып оқиды. Қызыл таң және Байдала ауылына жаңа мектеп салынады дегеніне бақандай алты жыл өткен. Күтуден шаршаған тұрғындар балалардың қауіпсіздігіне де алаңдап отыр.
«Міне, балалар мектептен қайтып жатыр. Қаншасыншы сабақтан қайттыңдар? 5-ші»
Түркістан облысы Жетісай ауданы Қызылтаң және Байдала ауылының балалары бір мектепке зар болып жүр. Екі ауылды қоса алғанда бас-аяғы 600-дей оқушы бар. Олар қазір көрші жатқан Бірлік ауылына қатынап оқиды. Күн қысқарған уақытта тіптен қиын. Таңертең сабаққа бара жатқан, кешке қайтып жатқан оқушылар дәл осылай қиналады. Өйткені республикалық маңызы бар жолды кесіп өтуі керек.
НАҒИМА ҚАЛЫМБЕТОВА, ҚЫЗЫЛ ТАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ «Жолда балаларды қағып кеткен көп оқиғалар болды. Бір баламыз мүгедек те болып қалды».
ЕРБОЛАТ АНЫҚБЕК, ҚЫЗЫЛ ТАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Қатты жүреді көліктер. Мынау қойылған знакқа қарамайды көп көліктер. Қараңғыда қорқамыз».
Ауыл тұрғындарының сөзінше, жаңа мектеп салу үшін ауыл сыртынан жер телімі бөлінген. Десе де уәде еткен мектептің іргетасы да қаланбаған. Күнде оқушы баласын мектепке жіберіп, жанын шүберекке түйіп отырған тұрғындар жаңа мектепті салуға не кедергі екенін білмей дал.
АБДУЛЛА МЕЙІРБЕКОВ, ҚЫЗЫЛ ТАҢ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Басында жайлы мектеп түсетін болды бізге. Одан жайлы мектеп жоқ. Күттік екі-үш жыл күттік. Ойбай, жайлы мектептің программасы бітті, үйтті -бүйтті деді. Жәй мектеп саламыз деді әкімшіліктер. Ә болды, жәй мектепті күтейік дедік. Одан жәй мектепті тағы екі-үш жыл күттік. Жәй мектебіміз де бітті. Ақырында айтты: кәсіпкерлерді белгіледік, сіздерге кәсіпкерлер келіп салып береді деді. Ол кәсіпкерлерді күттік».
Тұрғындардың сөзінше, көрші ауылдың мектебі де – ескі. 400 орынға шақталған мектепте үш ауылдың 1200 баласы білім алып жүр. Ал Жетісай ауданы әкімдігінің мәліметінше, тиісті мекемелерге ұсыныс берілген.
ШОҚАН АДАЙБЕКОВ, ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: «Өткен жылы 300 орындық мектеп құрылысын салу үшін Түркістан облысы құрылыс басқармасына және Түркістан облысы білім басқармасына Жетісай аудандық білім бөлімі тарапынан ұсыныс енгізіліп отыр. Енді әрі қарай салалық басқармалар тиісті жұмыстар жүргізсе 300 орындық мектеп құрылысы салынатын болады. Әрі қарай смета жасау жұмыстары, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу құрылыс басқармасының құзыретінде».
«Міне, мына жерден балалар өтіп жатыр. Мына жер трасса».
Енді тұрғындар жауаптылардың бір шешімге келуін күтуге мәжбүр. Ал шенеуніктердің айтуынша, Қызыл таң және Байдала сияқты тағы 3 ауылдың балалары мектепке зәру. Олар мәселені шешу қаржыға тіреліп тұрғанын айтады.
Дилара Иса






