Сарыағашта уақытша ұстау изоляторында жатқан күдікті қашып кетті

3400

Сарыағаш ауданындағы уақытша ұстау изоляторында жатқан ер адам қашып кетті. Полиция мәліметінше, ол Қылмыстық кодекстің 188-бабы (Ұрлық) бойынша күдікке ілінген.

Оқиға кеше, 11 маусымда болған. Қазір жан-жақты жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. Қашып кеткен күдіктіні іздеуге Түркістан облыстық Полиция департаментінің  барлық жеке құрамы жұмылдырылған. Әзірге ер адам ұсталған жоқ.

«Ұстап алу» жоспары іске асырылуда. Сарыағаш қаласы мен облыстың кіреберісі мен шығысына бекеттер қойылды. Сонымен қатар оны ұстау шарасына Түркістан облысымен көршілес Шымкент қаласының, Жамбыл, Алматы және Қызылорда облыстарының ПД, көліктегі полицияның бөлімдері мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі де жұмылдырылды» деп атап өтті полициядан.

Бейресми мәліметтерге сенсек, уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен күдікті Алматы облысының тумасы.