Шымкентте «Зорлау» бабымен 6 жылға сотталып, жазасын өтеуден жалтарып Грузияға қашып кеткен жігіт мемлектке келтірген шығынын өтеп берді. Прокуратураның есебінше, шығын көлемі 1 миллион 700 мыңнан асқан. Оны ұстап, Қазақстанға қайтару үшін 4 жыл уақыт кеткен.
Шымкент қаласы Әл Фараби аудандық прокуратурасы сотталушыдан бюджет есебіне 1 миллион 700 мың теңгеден аса ақша өндірді. Бұл оның Грузиядан Қазақстанға жеткізу кезінде кеткен шығын дейді прокуратура.
«Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі, интерпол қызметкерлері сыртқы істер министрлігінің көмегімен Грузиядан сот үкімін орындау үшін Қазақстан азаматын экстрадициялады».
Прокуратура дерегінше, 2020 жылы Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабымен айыпталған Шымкент қаласының тұрғыны сот үкімі шықпай тұрғанда шетел асып кеткен. Сот оны кінәлі деп танып, 6 жылға түрме жазасын кескен. Ол күш қолдану арқылы бойжеткенді зорламақ болды деген күдікке ілінген. Жәбірленуші қарсылық көрсетіп, қашып үлгерген.
2023 жылы соталушы Грузияда ұсталып, 2024 жылы Қазақстанға жеткізілген. Қазір ол жазасын түрмеде өтеп жатыр. Заң шеңберінде экстрадициялауға кеткен шығын прокуратураның талабымен сотталушыдан өндіріледі.
Асланбек Заманбек, Әл Фараби ауданының прокуроры: «Біз прокуратура тарапынан заң үстемдігін орнату үшін экстрадициялауға кеткен шығынды өндіруге талап-арыз берген болатынбыз. Сол талап-арыздың шешімімен атқарушы іс қозғалып, жұмыс атқарылғандықтан сот орындаушыларымен 1 миллион 7 жүз мың теңге өндірілген болатын».
Прокурордың айтуынша, сотталушы 4 жыл халықаралық іздеуде болған. Мемлекетке қайтарылған шығын ішіне бұл да кірген. Сот прокуратураның талабын толық қанағаттандырған. Сотталушы залалды осы жылдың қыркүйек айында толық өтеп біткен.
Асланбек Заманбек, Әл Фараби ауданының прокуроры: «Октябрь айында 2024 жылы талап-арыз берілген болатын. Содан кейін 6 ай атқару парағы іс қозғалған кезде сот орындаушысымен өз жұмысын атқанды. Себебі, ол ерде мүмкіншілігі бар ма, жоқ па тексеру жүргізіледі. Жаңағы үйі бар ма, ақшасы, карточкалары мүліктері бар ма, соның бәрін зерттеу келе шешімге результатқа келіп отырмыз».
Ресми мәлімет бойынша қазір Әл Фараби ауданында 7 адамға іздеу жарияланған. Олар Қылмыстық кодекстің түрлі бабымен айыпталған.
Дилара Иса






