Төрткүл ауылында тегін дүкен жұмыс істейді

224

«Тегін дүкен» дегенді естуіңіз бар ма? Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында «тегін заттар» дүкені бар. Онда кез келген азамат тұрмыстық техника, киім-кешек сияқты басқа да бұйымдарды әкеліп өткізе алады. Ал дүкеннің негізгі тұтынушылары – тұрмысы төмен отбасылар. Игі шара осыдан 20 күн бұрын бастау алған.

«Тұрмысы төмен жандарға арналған тегін дүкен!». Төрткүл тұрғындары енді тұрмысқа қажетті заттарды тегін алу мүмкіндігіне ие. Ауылда осыдан 20 күн бұрын «Төрткүл тегін заттары» дүкені ашылды. Мұнда тұрғындар тұрмыстық техниканың түрлі үлгісін, барлық маусымға арналған киім-кешек, және өзге де бұйымдарды таба алады. Игі істі ұйымдастырушылар кез келген адам қайырымды шараға атсалыса алатынын, қазіргі уақытта бастама ауыл тұрғындары тарапынан қызу қолдауға ие болғанын айтады.

Амангелді Едіге, «Төрткүл тегін заттары» дүкенінің ұйымдастырушысы:
«Мұндағы заттар – киім-кешектер, тұрмыстық заттар. Ауылымыздың азаматтары киімдерді, заттарды алып игілігіне пайдаланып жатыр. Мұқтаж жандарды қуанту ғой біздікі. Төрткүл  өте ұйымшыл халық. Бірінен-бірі асып жақсылық істеуге бәрінің құлшынысы өте зор».

Көпбалалы ана Гүлмира Күнболат та тегін заттар дүкенінің ашылғанына өте қуанышты. Сөзінше, бұл дүкен аз уақыттың ішінде біраз отбасының жағдайын жеңілдетуге үлес қосқан. Ал өзі ұлдарына жазғы маусымға арналған жеңіл киімдер іздеп келіпті.

Гүлмира Күнболат, Төрткүл ауылының тұрғыны: «Жақсы болды осы жерен әкетіп, тегін киім деген жақсы ғой, тастамаған жақсы. Жесірін жылатпаған, жетімін қаңғыртпаған елге айналдық. Шалбар, көйлек іздеп келдік, солар ғой керегі. Ыдыс-аяқтар келіп жатыр, жоқтары ыдыс-аяқ әкетіп жатыр, телевизорлар әкетіп жатыр, кір жуатын машинасын әкетіп жатыр біреулер. Сондай нәрселер көбейіп жатыр, Құдайға шүкір. Осы магазиніміз үлкейсін!».

Елдің ыстық ықыласына бөленген дүкен сөресінен кез келген бұйымды табуға болады. Дегенмен, игі істі ұйымдастырушылар заттарды әкеліп өткізер кезде, тауардың таза, бүлінбеген болуына мән берсе деген тілек білдіреді. Дүкен иесі егер мұқтаж отбасыларға көмектесушілер қатары артып жатса, кеңейту ойда бар дейді.

Айта кетейік, дүкен ғимаратын жалға берушілер де қайырымды істен қапы қалмау ниетінде нысанды тегін ұсынып отырған көрінеді.

Гүлдана Дәурен