Түркістан облысы Ордабасы ауданы Төрткүл ауылында жол жиегінен денесі табылған 16 жасар қыздың өлімі бойынша іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында жабық қаралатын болды. Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Іс Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы, «Зорлау» бабы және «Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бабымен түскен.
Заманбек Исмаил, Түркістан облыстық сотының баспасөз хатшысы: «Сот Қылмыстық процестік кодекстің 29-бабы 1-бөлігінің талабына сай басты сот талқылауын жабық процесте өткізу керек қажет деп есептеді».
Қайғылы оқиға биыл 6 маусымға қараған түні болған. Ауыл тұрғындарының сөзінше, қыз өз отбасының дүкенінен үйіне шығып, жоғалып кеткен. Үйіне оралмаған оны туыстары мен ауылдастары полициямен бірге түнімен іздеп таппаған. Таңертең полиция оның денесін жол жиегінде орналасқан балабақша қоршауының маңынан тапқан.
Ауыл тұрғындары қыздың денесі табылған күні марқұмның отбасының дүкені жанында орналасқан наубайханада жұмыс істейтін еңбек мигрантын полицейлер ұстағанын айтқан еді. Артынша ауылда байланыс үзіліп, күзет күшейген. Көп өтпей ауылда жалданып жұмыс істеп жүрген еңбек мигранттарының бәрі Төрткүлден шығарылған.
Дилара Иса






