Түркістан: «Менің туым-Менің Отаным»

25

Түркістандықтардың таңы марафонмен атты. Рәміздер күніне орай күнгей өңірдің 500 тұрғыны жүгіруден жарысты. Шара соңы мерекеге ұласып, қала халқы керемет қойылымның куәсі болды. Ал жастар жағы еліміздің көк байрағын көкте желбіретіп, әнұранды тебірене шырқады.

«Менің туым-Менің Отаным» дәл осындай атаумен Түркістанда жастар арасында жүгіруден марафон өтті. Шара ҚР Рәміздер күні қарсаңында ұйымдастырылды. Таңертеңмен жиналған жастар күнгей шаһардың 2 жарым шақырымды құрайтын басты көшелерін жүгіріп өтті.


Шараға 500 спортшы қатысқан. Оның ішінде өзге өңірлерден келген қонақтар да бар. Мамандар бұл марафон бұқаралық спорт түрлерін дамытуға сеп болатынын жеткізді.

Қанат Жолдықараев, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Бұқаралық спортқа көңіл бөлу және жастарды осы спорт түріне шақыру мақсатында Түркістан қаласында мерекеге орай марафон өтті. Оған 500-ге тарта тұрғын қатысты. Сонымен қатар, Атырау, Ақтаудан келген қонақтарымыз да қатысты»


Марафон соңы салтанатты мерекелік шараға ұласты. Онда қала халқы Рәміздер күніне орай ұйымдастырылған қойылымдар мен керемет концертті тамашалады. Ал өңір басшысы жиналған жұршылықты мейраммен құттықтап, ыстық ықыласын білдірді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан қаласының әкімі: «Тәуелсіздікті сақтау, қадір-қасиетіне жету Мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеуден басталады. Түркістан өңірінде де рәміздерін айрықша қадірлейтін отаншыл жастар өсіп келеді. Әр азамат ұлттық құндылықтарға адал болып, мемлекеттің дамуына үлес қосуы тиіс. Көк туымыз бейбітшілік аспанында мәңгі желбіресін! Еліміз аман, мемлекетіміз қуатты болсын!»

Мерекелік жиын соңы «Атамекен» әнімен қорытындыланды. Орталық алаңға шыққан жастар еліміздің көк туын көкте желбіретіп, жиналған халық патриоттық әндерді тебірене шырқады.