«Қамқорлық» орталығында қызмет алушы бүлдіршін спорт фестивалінде жүлделі орынға ие болды

79

 

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Қамқорлық» әлеуметтік оңалту орталығында қызмет алушы Әмина Анарбек Астана қаласында өткен «Children Paralympic Games 2023» инклюзивті спорт фестивалінен инклюзивті хореографиядан жеңіспен оралды.

«Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасының аясында ұйымдастырылған спорт сайысында бүлдіршін «Көрермен көзайымы» номинациясы және спорт фестивалінің кубогымен марапатталды. Ерекше балаларға арналған сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 410 бала спорттың шығыс жекпе-жегі, инклюзивті хореография, пионербол, жеңіл атлетика және бейімді футбол түрлерінен жарысқан.

Білікті мамандар құрамының қажырлы еңбегі және оңалту шараларының нәтижесінде «Қамқорлық» әлеуметтік оңалту орталығында қызмет алушы балалардың қоғамға бейімделуінде оң өзгерістер байқалады. Арнайы педагог мамандар әр бүлдіршінмен жеке жұмыс жасап, оңалту шараларымен қатар ерекше қабілеттерін дамытуға күш салуда. Балалардың визуалды қабылдауы, қарапайым қимыл –қозғалыстары мен дағдылары жақсарған. Орталық мамандарының айтуынша, логопедиялық жұмыстар жүргізу арқылы артикуляциялық аппаратында бұзылыстары бар балалар дыбыстар мен жеке сөздерді анық айта бастаған.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №8 балаларға арналған әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бүгінгі таңда 100-ге жуық бала қызмет алуда. Орталықта аутизм және аутистік спекторының бұзылыстары бар балаларға түзету –дамыту, қоғамға бейімдеу және әлеуметік оңалту шаралары көрсетіледі.