Шымкентте алқабилердің қатысуымен аса ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлық пен жымқыру фактілері бойынша іс қаралды. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен бес сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.
— С.М.-ға аса iрi мөлшерде алаяқтық жасау (ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы), аса ірі мөлшерде пара беруге азғыру (ҚК-нің 28-бабының 4-бөлігі — 367-бабының 4-бөлігі), аса ірі мөлшерде пара алу (ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігі), ақшаны заңдастыру (ҚК-нің 218-бабының 1-бөлігі), бірнеше рет ақшаны заңдастыру (ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігінің 2) тармағы), ауыр зардаптарға алып келген қызметтегi әрекетсiздiк жасау (ҚК-нің 370-бабы 4-бөлігінің 1) тармағы);
— С.А.-ға ҚК-нің құқық қорғау органының қызметкерінің кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу (ҚК-нің 364-бабының 2-1-бөлігі), ақшаны заңдастыру (ҚК-нің 218-бабының 1-бөлігі);
— В.Т. пен Д.Ч.-ға аса iрi мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу (ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы);
— Т.Е. аса iрi мөлшерде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алуға жәрдемдесу (ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігімен, 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы).
С.М. Шымкент қаласында құқық қорғау органында басшылық қызметін атқарып жүріп, 2019-2020 жылдар аралығында кәсіпкерден оның жеке мектебінің қызметіне қамқорлық жасағаны үшін 70 млн теңге пара алған. Одан кейін екі пәтер сатып алып, оларды жалға беру арқылы және сатудан пайда тапқан.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының 2020 жылы заңсыз өткізілген медициналық бұйымдарды мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде бөлім басшысының м.а. Д.Ч. және жеке кәсіпкер Т.Е. 92 млн теңгеден аса ақшаны жымқырған.
С.М. жасалған қылмысты біле тұра, өзіне және басқа тұлғаларға пайда келтіру мақсатында, қызмет бабында әрекетсіздік танытқан, яғни Д.Ч. мен Т.Е.-ның қылмыстық әрекеттерін тоқтатпаған. В.Т. Денсалық сақтау басқармасы басшысының орынбасары бола тұра, медициналық бұйымдар мен құрылғыларды сатып алу кезінде лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану нәтижесінде, ауыр салдарға алып келген.
С.А. жедел уәкіл бола тұра, заңсыз кәсіпкерлік қызметімен айналысып, Д.Ч.-ға медициналық құрылғы сатып алу үшін 7,5 млн теңге ақша қаражатын беріп, одан 14,4 млн теңге көлемінде заңсыз пайда алған. Сотталушылардың кінәсі, олардың кейбірінің кінәсін мойындап берген жауаптарымен, куәлердің жауаптарымен, сот сараптама қорытындыларымен және басқа іс-құжаттарымен бекітіледі.
Сот, жас балаларының болуы барлық сотталушылар үшін жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде таныды, ал С.М. және С.А.-ға ауырлататын мән-жай ретінде олардың антын бұзуы танылды.
Алқабилердің шешімімен:
С.М. ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігімен, 218-бабы 2-бөлігінің 2) тармағымен, 370-бабы 4-бөлігінің 1) тармағымен кінәлі деп танылып, оған қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Алқабилердің басым бөлігінің берген дауысы нәтижесінде алаяқтық жасау және пара беруге азғыру бойынша С.М. қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасы болмауына байланысты ақталды.
Сонымен қатар, сот үкімімен: Д.Ч.-ға ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Т.Е.-ға ҚК-нің 28-бабының 5-бөлігімен, 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен, 5 жылға коммерциялық ұйымдарда басшы лауазымын атқару құқығынан айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, ҚК-нің 63-бабына сәйкес, жаза шартты деп есептелген.
С.А.-ға ҚК-нің 364-бабының 1-бөлігімен 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындалды, рақымшылық заңына сәйкес, ол негізгі жазадан босатылды.
В.Т.-ға ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағымен 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындалды. Сотпен төрт сотталғанға мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға тыйым салу түріндегі қосымша жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.







